Өлең, жыр, ақындар

Тау жыры

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 454
Тауым, мені құпияңмен жолықтыр,
Мен ұқпаған өмір сырын сен ұқтыр.
Көкірекке құстың үні толып бір,
Құшағыңа сүңгіп кеткім келіп тұр.
Жайлауыңмен едім жастай сырлас ұл,
Жас құлындай салушы едім жылда асыр.
Аңғал-саңғал аңғарыңа кіргенде,
Шегінгендей сезінемін бір ғасыр.
Көңілімді ете бермей босқа алаң,
Қызығыңды тағы да бір тос маған.
Төсіңдегі мөлдіреген көлдерің –
Алып шыңдар қолындағы тостаған.
Асқарыңнан жұлдыз құлап, ай аунап,
Керуен-керуен бұлт көшеді баяулап.
Шоқы тастар мелшиеді, аты өліп,
Тас түнерген батырлардай жаяу қап.
Кереметің таусылар ма тойласам,
Оралады оқиғалар ойға сан.
Қоймасына кіргендеймін аңыздың,
Қатпар-қатпар қойнауыңа бойласам.
Шыға алам ба сай-салаңды айналып,
Тұра алам ба ғажабыңа байланып?
Жүре берсем сезінемін өзім де
Кететіндей бір аңызға айналып.
Өрге шығар, кенереңді қиялат,
Көкірегіме қыран ойды ұялат.
Күй келгенше ара түсіп көрейін,
Бұл өмірде аз дейсің бе қиянат.
Тауым, мені тамашалат, еркіндет,
Жас күнімдей жүгірейін желпілдеп.
Алматыма оралайын құлпырып,
Қайтқан қыздай біраз уақыт төркіндеп.

1984



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Көкшетау

  • 0
  • 0

Көкшетау, мөлдіреген көркің қандай,
Қалықтап аспаныңда ән тұнғандай.
Сексен көл сексен тамшы сыйға тартып,
Айдынын көңілімнің толтырғандай.

Толық

Ата-анам туралы

  • 0
  • 0

Астында көк аспанның мөлдіреген,
Анам жоқ ақ жаулығы желбіреген.
Әкемнің құр сүлдері қалқияды,
Қарттардың қатарында селдіреген.

Толық

Жалғыз қайың

  • 0
  • 0

Жабырқаған жалғыз қайың,
Мұң шағады көрген сайын.
Сағыныштан сарсаң болған,
Кім ұғады оның жайын?

Толық

Қарап көріңіз