Өлең, жыр, ақындар

Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 459
Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің,
Енді маған мойныңды бұр, күндерім.
Шалдықтырмас жанымда кәусарым бар,
Шаң жұқтырмас шашама бұл бір кезім,
Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің.
Ығыстырмас көп енді сеңдер мені,
Сезімімнің жетті ғой сенделгені.
Жатыр қазір түгел боп төрт түлігім,
Қызуы мол күндерім, сен келгелі,
Сен келгелі соққан жоқ сеңдер мені.
Қарауылдап басынан дәуір-заңғар,
Қаршыға-ойлар, қияда дамылдаңдар.
Қызыққандар құлпырған қызылыма,
Құбыладан соғатын дауылды аңғар,
Дауылды аңғар басынан дәуір-заңғар.
Көбең болсам, көпірме қауым сындар,
Келер болсам көмбеге қаным тулар.
Қайсыбірін айтайын, қайран уақыт,
Қанатымнан үзілген қауырсын бар,
Қауырсындар қатпаса қауым сындар.
Қазы күндер, қақ жарар қара қылды,
Қабағыма қой менің қарауыңды.
Қанжығама бөктер де байғазыңды,
Қазынамнан алып қал қалауыңды,
Қазы күндер, қақ жарар қара қылды.
Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің,
Енді маған бетіңді бұр, күндерім.
Бестілерді бәйге алар жұма сайын
Белдеуімде байлаған бұл бір кезім,
Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Соға кетсең қайтеді?

  • 0
  • 0

Соға кетсең қайтеді, жарқыным-ау,
Сағыныш пен уайымның парқы бір-ау!
Немқұрайды, қатыгез қарайтындай,
Арзан ба еді өмірдің нарқы мынау?

Толық

Жақсылыққа зар болып

  • 0
  • 0

Аспан мен жер ортасында біраз ғұмыр кешірдім,
Әлсіреген үміт отын мың жағып, мың өшірдім.
Құрқылтайдың ұясындай қалтыраған бұтада,
Жел аударған қара қосты әр төбеге көшірдім.

Толық

Зуылдап жеткізбейсің

  • 0
  • 0

Зуылдап жеткізбейсің, желмая күн,
Ентелеп қуа­қуа талды аяғым.
Өкпелеп қашып бара жатқандайсың,
Япыр­ау, сенен осы немді аядым?

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер