Өлең, жыр, ақындар

Қорқыт ескерткішіне

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 542
Таңдай таза,
Гүлдей әлем көрікті
Тағы да бір ескерткішке толықты.
Қорқыт...
Қорқыт қорыққан жоқ ажалдан,
Қайта ажалдың өзі одан қорықты.
Тарих оны әкеткенмен жыраққа,
Мүлдем құрып кете алмады бірақ та.
Қанша ғұмыр құм басса да қабірін,
Қобызының үні қалды құлақта.
Есту үшін таңғажайып сол үнді,
(Оны бүгін еске алуым орынды).
Көрем десең Қорқыт ата қабірін,
Бұр, жолаушы, Жосалыға жолыңды.
Дей алмассың өткен күннен өшті үміт
Дүниеден көшті мұнар, көшті бұлт.
Қобыз үнін жел әкеліп жырақтан,
Дәл қасыңда тұрғандай-ақ естідік.
Мінажатты мақсат тұтқан бар жақсы,
«Меккеге» емес,
Енді саған бармақшы.
Ескерткіштей өр еңсеңді көтеріп,
Ен далаға қарашы бір, Қармақшы.
Сыр айтты ма Сырдың суы ағысты,
Бағзы заман бастан талай бақ ұшты.
Қорқыт баба шарлап келіп әлемді,
Қайта бүгін туған жерде қауышты.
Кім болса да таласпай ма жақсыға,
Білігіңмен білім сына, бақ сына.
Әр тараптан аңыз шықты аңдыздай,
Айналдырған әулиеге, бақсыға.
Мүмкін болса сенім арту мұраға,
Ешкім жаққа шығара алмас сірә да.
Қойдай момын қоңыр дала төсінен
Қанат қаққан Қорқыт – қыран, ғұлама.
Соның бәрін сақтап қалған далам кең,
Бірге жасап ғасырлармен, ғаламмен.
Заманыңды сен жырласаң қобызбен,
Заманымды мен жырлаймын қаламмен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қарағанды қысы

  • 0
  • 0

Алқынып, алты ай бойы аласұрып,
Буады бура боран баласынып.
Көшеге желең шыққан қыздардайын
Қайыңды қалшылдатқан қара суық.

Толық

Бес күйеуге шыққан әйел туралы баллада

  • 0
  • 0

Жауып тұрса қасіреттің жаңбыры,
Секілді ол да табиғаттың жарлығы.
Бес күйеуге шыққан әйел-ананың
Жүрегімді мазалайды тағдыры.

Толық

Сырбайдың дауысы

  • 0
  • 0

Шөлдеген жердей жауынға,
Жыр құмар кезім болатын.
Бір күні біздің ауылға
Сау ете қалды топ ақын.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер