Өлең, жыр, ақындар

Бес күйеуге шыққан әйел туралы баллада

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 286
Жауып тұрса қасіреттің жаңбыры,
Секілді ол да табиғаттың жарлығы.
Бес күйеуге шыққан әйел-ананың
Жүрегімді мазалайды тағдыры.
Амал бар ма?!.
Азап-ажал бас сұқса.
Ұрындырған қолдан жасап қастыққа.
Жас әйелдің ең алғашқы күйеуі
Құрбан болды... сонау нәубет аштықта.
Екіншісі түсер болса тізімге,
Мұң тұнады сұрғылт тартқан жүзімде.
Бір-ақ түнде опат болды ер-сабаз
Отыз жеті... отты жылдың күзінде.
Көкіректе мұң-қасірет тоғысса,
Табиғаттан асып түсер жоқ ұста.
Үшіншісі кеткен дейді хабарсыз
Қырық бірдің қырғынында... соғыста.
Бұл сөзімді құпта мейлі, құптама.
Тағдыр оған салды көзін сұқтана.
Үшіншіден үзілген соң үміті,
Төртіншіге тәуекел ғып шықты ана.
Кім шыдайды уақыт-теңіз тасқынға,
Бұл анаға тағдыр тағы қас қылған...
Төртіншісі жазым болды бір күнде
Тың жыртқанда трактордың астында.
Тіні берік тағдыр неткен тас-түмен,
Кетпей қойды-ау жанарынан жас кілең.
Бесіншіге бел шешкенде сорлы ана
Бесіншісі... болып шықты маскүнем.
Бұл өмірдің баянсызын ол ұқты,
Жартасқа да, тау-тасқа да жолықты.
Ғасырға тән ғұмыр кешкен ананың
Одан арғы тағдыры не болыпты?..
Болғанменен бала – бақыт, бала – бақ,
Не жетеді тірлігіңе саламат.
Қайран ана бұл дүниеден өтерде
Саусақтарын көрсетіпті салалап.
Қайтсін енді!
Тағдыр солай кез қылған,
Әйел сырын одан әрі сөз қылман.
Жұдырығын түйіп алып
Сорлы ана
Өз маңдайын бір-ақ ұрып көз жұмған.
Бұл өмірде асқар асу – белес көп,
Соның бәрі азап үшін емес тек.
Қайран дүние!..
Бес саусақтың ұшында
Бес күйеуі тұрды ма екен елестеп?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ боз үйді тіктіріп ақын жатыр

  • 0
  • 0

Ақ боз үйді тіктіріп ақын жатыр,
Аяғынан тік тұрып жақын мақұл.
Алшысынан талайды алшаңдатқан,
Жиырмасыншы жас ғасыр, жасыл ғасыр.

Толық

Терісаққан

  • 0
  • 0

Қақ төрінен Арқаның қоныс алып.
Қақты қанат толқының – толы шабыт.
Өзен біткен оңына ойысқанда,
Жалғыз өзің жатасың теріс ағып.

Толық

Ерке өзен

  • 0
  • 0

Еркелейсің, Есілім,
Еркелейсің сен маған.
Еркелесең несі мін,
Еркелеткен кең далам.

Толық

Қарап көріңіз