Өлең, жыр, ақындар

Жолықтың маған, бағың ба, әлде сорың ба?!

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 317
Жолықтың маған, бағың ба, әлде сорың ба?!
Жолықтың екен – қорғалап әсте қорынба.
Таланың ба екен,
Залалың ба екен кім білсін,
Тарықпа бірақ, тағдырың менің қолымда!
Сеземін оны, аз емес сенің жүгің де,
Басыңды байлап бағынған болсаң бүгілме!
Қиналған болсаң,
Иланған болсаң сөзіме,
Жылата білген жұбата білер түбінде.
Зорлаған жоқсың, келгенмін саған еркіммен,
Түрленіп түлеп, құбылған жоқсың көркіңмен.
Махаббат деген
Мәңгілік ауру жабысып,
Арман жоқ әсте
Айықпай кетсем дертімнен.
Өзіңе сеніп,
Өзіңді сүйген жүрекке,
Тартпашы бейнет,
Артпашы, жаным, құр өкпе.
Ешқандай өмір,
Ешқандай зәбір бұза алмас
Түбінде тәңір жеткізер болса тілекке.
Тілегім менің!
(Іске асар түбі ол-дағы)
Кеудемнен кетпес өлең мен жырдың толғағы.
Ұстара сезім
Ұстауға келмей тұрғанда,
Ұсақтап кетпей,
Құшақтап кетсең болғаны!
Өзіңдей ару керек-ақ мендей қазаққа,
Сау болса басым
Салмаспын сені мазаққа!
Сезімі таза,
Сүйген жүректің қадірін
Сезе білгендер
Төзе де білер азапқа!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұрмағамбет

  • 0
  • 0

Емес ол бұл өмірден күліп өткен,
Тілесе – төтесінен тіліп өткен.
Қылп етіп сөз найзасы тиген жердің
Бұрқ етіп шығады екен күлі көктен.

Толық

Байқа, досым, менен еш түңілме сен

  • 0
  • 0

Байқа, досым, менен еш түңілме сен,
Ұрынбайсың, жаныма үңілмесең.
Ессіз-түссіз бір қызға ғашық болып,
Түні бойы көзіңді бір ілмесең.

Толық

Күндер өтті

  • 0
  • 0

Күндер өтті –
Қиналған, назаланған.
Көрер көзге қор болған, қаза болған.
Ағалардың аруағы елестейді,

Толық

Қарап көріңіз