Өлең, жыр, ақындар

Күндер өтті

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 284
Күндер өтті –
Қиналған, назаланған.
Көрер көзге қор болған, қаза болған.
Ағалардың аруағы елестейді,
Жазықсыздан-жазықсыз жазаланған.
Құтылады кім қашып кеселіңнен,
Жаңыламын тал түсте есебімнен.
Түні бойы шығамын кірпік ілмей,
Кейде шошып оянам төсегімнен.
Біреу соғып жатқандай шырқыратып,
Сай-сүйегін кісінің сырқыратып.
Жылатқандай зарлатып, еңіретіп,
Құлатқандай шетінен қырқып атып.
Үсті-басы сарыала – сұсты кілең,
Шыға келер шұбырып «штыгымен».
Жалаңаяқ айдайды аямай-ақ,
Ылғи істік шегенің үстіменен.
Күндер өтті –
Құр босқа кінәлаған,
Артып түсті тепкісі – сынағы одан.
Бес-алты адам болса егер,
Бірсәрі ғой,
Қиын екен бүкіл ұлт ұнамаған.
Күндер өтті...
Осылай күндер өтті.
Кейінгіге қалдырып мың деректі...
Табан ақы, маңдай тер,
Атқарған іс,
Ақырында –
Зая боп, кімге кетті?!
Бара жатыр осылай ісім де оңбай,
Таяқ жеген «кәпірден» мұсылмандай.
Осы айтқаным,
Ой дүние, өтірік боп,
Өңім емес,
Түп-түгел түсім болғай!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аққу ақын

  • 0
  • 0

Асқақтыққа
Астасса да ірілік,
Ақпанға да,
Аптапқа да ұрынып.

Толық

Жезқазған жырлары

  • 0
  • 0

Сен Жезқазғансың,
Мен сөз қазғанмын.
Өтіп жатыр өзіңмен бірге менің
Өз көктемім,

Толық

Көңіл алдап

  • 0
  • 0

Көңіл алдап,
Көз бояп,
Опа жағып безендік.
Сыртымыздан оқ атып,

Толық

Қарап көріңіз