Өлең, жыр, ақындар

Аққу өлді

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 187
Аққу өлді...
Ақкөлінен айрылды,
Қанатымен сабап-сабап айдынды.
Аңшы тұрды анық-қанық сыр ұқпай,
Ақын ғана –
Аһ ұрды да, қайғырды.
Аққу өлді...
Ақтық демін бір алып,
Осылайша опат болды бір «алып».
«Қу жанымды қалдыра гөр, құдай!» – деп
Тағдырынан өтінген жоқ, сұранып.
Аққу өлді...
(Өлетінін білмеді!)
Ойда жоқта үзілді де, тіл-демі,
Ілінгенде қарауылына мылтықтың
Іркілмеді... жүре берді ілгері.
Аққу өлді...
Ақша беттен жас тайып,
Аққуларды енді жоқтап бастайық...
Қос ауыздың ұңғысынан үрікпей
Қарауылға қарап тұрды-ау қасқайып!
Аққу өлді...
Кім еді оны өлтірген?!
Дәл осыны айта алмадым еркіммен.
Аққуымнан айрылған соң
Амалсыз –
Арылмадым бойға біткен дертімнен.
Аққу өлді...
Айдын көлдің ажары
Сұлық жатыр... тарқағандай базары.
...Оттан емес,
Судан емес ажалы,
Бұл сұмдыққа Адам ғана жазалы!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен қайғыға батқан кезде

  • 0
  • 0

Сен қайғыға батқан кезде
Айықпадым мұнардан.
Сен жылы сөз айтқан кезде
Күлім қақты күн алдан.

Толық

Қабағына мұз қатқан

  • 0
  • 0

Қабағына мұз қатқан
Қарайды тау түнеріп.
Хабар болмай біз жақтан,
Көзіне жас тіреліп.

Толық

Кешір, жаным!

  • 0
  • 0

Кешір, жаным!
Жүрдім сені кіналап,
Бұл өмірде баспас дейсің кім ағат?!
Бәрін-бәрін үнсіз ғана түсінген,

Толық

Қарап көріңіз