Өлең, жыр, ақындар

Сағынышым жетті ме?

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 384
Аңсарың күмбірлі күй болды мәңгі,
Әніңмен оятушы ең қалғығанды.
«Сағындым туған жердің сырлы әуезін
Сал, – депсің, – кешіктірмей домбырамды...»
Өнерді жан серікке балаушы едің,
Артады азамат деп анаң сенім.
Қазақтың даласындай күй домбыраң
Қолыңа тиді ме екен, балам, сенің.
Тезірек жіберіңдер деген едің,
Күткен бір Қыз Жібектей Төлегенін.
Бесікке жас баланы бөлегендей,
Құндаққа домбыраңды бөлеп едім...
Көңілің үлбіреген көктем еді,
Дауысың құлағыма көп келеді.
Бесікке бөленген сол күй домбыраң
Соңыңнан іздеп сені кеткен еді.
Жолына жас арманның жаңа аттанып,
Талабым, шығып едің талаптанып.
Домбыраң аққу болып, гәкку болып,
Соңыңнан кеткен еді қанат қағып.
Біздер де өзімізше ән үйренеміз,
Ұстауға домбыраңды именеміз.
Секемшіл сенің нәзік жан-жүрегің
Бейне бір жаралғандай күймен егіз.
Алдың ба сәлем хатты, солдат ұлым,
(Адам боп, кірген шығар енді ақылың).
Тарқаған болар, бәлкім, сағынышың,
Алмасын жеген кезде Алматының.
Сынайды туған анаң, туған Отан,
Жолыңа ақ дауылдай жыр боратам.
Босасаң «Серпер» атты күйіменен
Жаныңа жігер берсін Құрман атаң.
Тұр әлі талай белес, алдыңда шың,
Айтып жаз, домбыраңды алдың ба шын.
Өзгеше өнердегі Бақыт анаң
Өрінен өміріңнің қол бұлғасын!
Қиялың ете берсін көкті мекен,
Сен үшін құс көңілді көп түлетем.
Соңыңнан сабыр таппай шыққан іздеп,
Домбыраң «Бозінген» боп жетті ме екен?
Ұшырдым бұл жырымды шағала ғып,
Шағала теңіз көкпен барады ағып.
Домбыраң күмбірлеген барды ма екен,
Туған жер махаббатын саған алып.
Кішкентай арман қосып арманыңа,
Жайраңдап қарадың ба жан-жағыңа.
Домбыраң қолға алғанда сайрады ма,
Сібірдің бір үн қосып орманына?
Болаттай шымырланып, шыңдал, балам,
Отанын қорғай алмас шыңдалмаған.
Артыңнан өзі қуып жеткен шығар,
Айналып домбыраға туған далаң.
Шашуын орман жерге төкті ме екен,
Сен үшін қиял құсын көп түлетем.
Бабаңның көзі болған күй домбыраң
Анаңның сағынышын ап жетті ме екен?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жер жыры

  • 0
  • 0

Ақ бесігім, тұрағым, кең мекенім,
Сен мені, мен де сені тербетемін.
Қате басқан шығармын талай рет,
Үстіңде бұл, шын болса пенде екенім.

Толық

Әншінің алса «ажал» тәнін алды

  • 0
  • 0

Әншінің алса «ажал» тәнін алды,
Әуелеп ақ аспанда әні қалды.
Көгеріп, тамырланып жайқалады,
Өмірде өнердің жас дәні мәңгі.

Толық

Кейде көктем, қыс кейде

  • 0
  • 0

Кейде көктем, қыс кейде,
Оралмайды кешегің.
Шын махаббат түс бейне,
Сипап қалар төсегін.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар