Өлең, жыр, ақындар

Мүлгиді үнсіз мынау бақ

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 248
Мүлгиді үнсіз мынау бақ,
Жеткендей бір сұм хабар.
Тымық түнде тыраулап,
Қайда кеттің тырналар?
Жүректерің мұң тыңдап,
Жүрсіңдер ме адасып.
Қанаттарың сымпылдап,
Қайда ұшып барасың?
Сағындырған өзен бе,
Әлде, асау теңіз бе?
Қарқарадай тізіліп,
Барасыңдар нені іздеп?
Сендерге ұсап қайтуға,
Жетпес жанның дәрмені.
Тұңғиыққа тартылған
Сағынышым бар менің:
Теңіздерден телегей,
Өткім келіп тұрады.
Ештеңені елемей
Кеткім келіп тұрады.
Екі өмір жоқ, әрине,
Жоқ, әрине, екі өлім.
Қандай бақыт пәниде,
Табу іздеп мекенін.
Желпініп бір жетуге
Мекеніне аңсаған,
Сорлы жердің бетінде
Қанатсыздар қаншама...
Солар жайлы толғанып,
Солар жайлы мұң кешем.
Қасірет қой ол дағы,
Түсінбейсің мүлде сен.
Теңіздерден телегей
Өткім келіп тұрады.
Ештеңені елемей
Кеткім келіп тұрады.
Еркіндігі ен-тегін,
Шомылар ем шуаққа.
Менің дағы қайтемін,
Қанатым жоқ бірақ та.
...Сонау байтақ әлемге,
Жеткізіңдер бір хабар.
Дұғай, дұғай сәлем де!..
Қош бол!
Қош бол, тырналар!..

2003 ж.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сапар – ІІ

  • 0
  • 0

Мендегі бір сағыныш сарқылмаған, о, тәуба,
Айлы түнде ат мініп шықтым ұзақ сапарға.
Шашасына шаң жұқпас теңбілкөкті мініп ап,
Өзің жақты бетке алып келем жалғыз зымырап.

Толық

Ұлу

  • 0
  • 0

Еме, еме өскен ем Бөрі Анамның емшегін,
Көкірегіме құйып ап жанарымның мөлтеңін,–
Қияндарға жорттым сан сапар шегіп, жол шегіп,
Болсадағы тұманды бүгінімнен ертеңім.

Толық

Жазу

  • 0
  • 0

...Жазу көрем мен ылғи нұр балқытқан пішінде,
Аяны ма Алланың жер бетіне түсірген?!
Қарап кейде айнаға жанарымның ішінен,
Сол жазуды көремін үлкейген һәм кішірген.

Толық

Қарап көріңіз