Өлең, жыр, ақындар

Жүрек тас

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 569
(поэма)

Біздің ауыл аңыздардың мекені,
Біз білмейтін құпиясы жетеді.
Дөңгеленіп тау қоршаған жан-жағын,
Іргесінен өзен ағып өтеді.

Ағады өзен Қара Ертіске құлшынып,
Әлпеншек күн бірде батар, бір шығып.
Дөңгеленген қазан таудың ішінде,
Шымыр-шымыр қайнап жатқан тіршілік.

Мекендейді ел бір орында танбастан,
Қанша көктем, қаншама күз алмасқан.
Арасында ауыл менен қаланың,
Жалғыз жол бар кұнбатысқа жалғасқан.

Арқыраған асау өзен іргеміз,
Тазалықты тау суынан білгеміз.
Арман қуған қазан таудың бір қызын,
Отырғызып кетіп барад «Сұр қоңыз».

Тәтті үміттің елесіне арбалып,
Қыз шаттанад келешекке қарманып.
Сұр автобус қозғалғанда орнынан,
Бала біткен қала берді шаң қауып.

Үздік таусып ауыл орта мектебін,
Біледі жұрт қыз оқуға кеткенін.
Жатты кербез қазан таудың даласы,
Жәймен ғана ауыстырып шекпенін.

Тамсандырған айналасын көрікпен,
Албырт жанын қала өмірі еліткен.
Сұр автобус алып кеткен қыз енді,
Келетұғын болды басқа көлікпен.

Қыз сырларын өзге жанмен бөліскен,
Талай жігіт тынды солай тек іштен.
Пысықшалау көрінетін сол жігіт,
Қара торы келбеті де келіскен.

Жігіт тайқып кетті бірақ сертінен,
Қыз келбеттен айырылды өрт рең.
Егілді ұзақ үйленгенде сол жігіт,
Арпалысып жүрегінің дертімен.

Батты сонсоң ұзын сонар уайымға,
Сізге айтам киелі тас жайында.
Шынашақтай тас шашылып жататын,
Күнбатысқа барар жолдың бойында.

Биік тау жоқ, мұзбалағын түлеткен,
Жазық дала жауырыннан күн өткен.
«Жүрек тас» деп аталатын сол тастың,
Сырт бейнесі аумайтұғын жүректен.

Ұрпақтары сақтап жүрме бүгінде,
Елітті ме дүние дейтін дүбірге.
Тас жататын аппақ шытқа ораулы,
Әрбір үйдің сандығының түбінде.

Қасиетті тас болатын әр үйде,
Құтылмассың дерттен мына фәниде.
Сырлы ыдысқа «Жүрек тасты» қайнатып,
Ішкізетін шошынатын сәбиге.

Ар жағында қулық жатқан күшіктеп,
Пенделерден көңіл қалып мысық бет.
Жүрегіңді абайсызда ауыртып,
Алған болсаң «Жүрек тастан» ішіп кет.

Қонақ келсе барын салар ортаға,
Барып қайтсаң өкінбессің соншама.
Кетеріңде не бұйымтай бар десе,
Керек ед деп «Жүрек тасты» қолқала.

Бұйымтайды естігенде күледі,
Береді олар.
Қонақ жайын біледі.
Ғаламатты көру қандай ғанибет,
Денесі жоқ, бар ғана тек жүрегі.

Қыз еді ол тәрбиелі, көргенді,
Намыс өртеп, өкініштен сенделді.
Жүрек қысып жиі тала берген соң,
Сандықтағы «Жүрек таспен» емделді.

Пенделер көп, жүзі жылы, сөзі бал,
Жүректері ет пе, тас па сезіп ал.
Адамзаттан асқан емес қаттылық,
Тастың-дағы еміренер кезі бар…

Сауықты қыз, көздерінен күн күлген,
Өткен шақты ұмытқандай бір-бірден.
«Жүрек тас» пен тас жүректің арасы,
Осыншама парықты деп кім білген?



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қалжың

  • 0
  • 0

Сені кеттім сағынып (бірақ қалжың),
Ойлап жүрмін сабылып (бірақ қалжың)
Құс жастық қып қалжыңды жастанып ап,
Ептеп-ептеп ақырын сыр ақтардың.

Толық

Көлді аңсау

  • 0
  • 0

Туған жердің аспаны мен көліндей,
Көкшіл түсті жақсы көрем (таласпан).
Сәлемім сол келер болсаң ерінбей,
Бір жұтым су ала келші Қанастан.

Толық

Алматыға көктем келді

  • 0
  • 0

Алматыға көктем келді
Қуантады кімдерді
Табыла ма бұл көктемнен
Өткен шақтан бір белгі

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер