Өлең, жыр, ақындар

Өскемен

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 305
Көрмеген ем, көксеп келдім Өскемен,
Ғасыр бойы көкейімді тескен ең.
Зұлмат заман жолымды кес-кестеген,
Күн шығыстан ту шығысқа көшкен ем.

Бергі бетке өте алмай сабылдым,
Топырағын ауасын да сағындым.
Тілім нанды бөліп жеген туыстан,
Қақ жарылған таумен бірге жарылдым.

Тау сағалап ғұмыр кештім шашырап,
Ұшқан көңіл шегарада тосылад.
Ертіс қана саған қарай тартатын,
Тарам-тарам өзендерді қосып ап.

Қақ бөлінген жерде болар нағыз мұң,
Тамшы жасты Қара Ертіске тамыздым.
Сәлем де деп көріспеген туысқа,
Талай жібек орамалды ағыздым.

Аруақты ел батыр өткен ту ұстап,
Қандай дұшпан дәті барып жуыспақ.
Апарсам ба келе алмаған қарттарға,
Ақсуаттың ауасынан уыстап.

Үнсіз күткен сағындым деп қақсамай,
Бала қырат тауға айналды ақ самай.
Ұшып барып алақанмен сипасам,
Жидебайдың топырағын таптамай.

Беу Мұзтауым теңестірер жоқ теңім,
Келмедің деп ұзақ күткен өкпелім.
Біздің жақтан асыр салған ақ шабақ,
Саған жетіп балық бопты көп-көрім!

Мәңгі азат елге айналдым егемен,
Шабыттанып шалқымайын неге мен.
Семейіңде абыздарша күй кешіп,
Көкпектіңде өркен жайып көгерем.

Сұлу Катон, Ұржар, Күршім, Зайсаным,
Сан азаптан жасымаған жайсаңым.
Туған жерді көргім келген кезде мен,
Саған келіп аунап-қунап қайтамын.

Аягөзім батыр тектес тұрысың,
Махаббаттың мәңгі бітпес жырысың.
Ұлдарына Мұқтар деген ат қойса,
Мұқым елге мақтан болған шығысым!

…Шұбартауды, Бақанасты көксеген,
Әжелердің зарын тыңдап өскен ем.
Саған деген сағынышты біздегі,
Мырышың да қылышың да кеспеген.
Арнап жазған кіріспесі бұл жырдың,
Мақтанышым жырым сенсің Өскемен!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кеттім ақыр

  • 0
  • 0

Кеттім ақыр қош енді өскен қала,
Саған қарай жүгірмен өкпемді ала.
Ештеңе де алмаймын енді сеннен,
Қалғаны есте ұмтылмас сәттер ғана.

Толық

Көктем

  • 0
  • 0

Көбелектер тіріліпті, ұшып жүр,
Кеткен көктем төркініне түсіп жүр.
Бұлықсимын бүршік жарар жас талдай,
Бақсыны жын, мені шабыт қысып жүр.

Толық

Сенім серті

  • 0
  • 0

Қымбат жүзік алқа моншақ сыйлама,
Бақтарды да қыдыртам деп қинама.
Қошаметпен қарсы алам деп өзгеше,
Маңайыңа достарды да жинама.

Толық

Қарап көріңіз