Өлең, жыр, ақындар

Құсұйқы

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 244
Ақкөңіл Ай, әр сәулесі сыйқырлы,
Жұлдыздар да қуланады сүйкімді.
Маужыраған бақ ішінде ұрлаттым,
Ащы мұңды және тәтті ұйқымды.

Қара мақпал, қызықтап түн ортасын,
Үміт күтіп, таңға иек артасың.
Ояусың ғой, құсұйқылы қарындас,
Сен де, сірә, жалғыздықтан қорқасың!..

Көкейіңде мейірімді сөз бүрлеп,
Елесіңмен елітесің көз күрмеп.
Кейде жылы, кейде суық кейпіңмен,
Ой ішінде тез соласың, тез гүлдеп.

Кім осындай қайшылыққа кінәлі?
Ешкім айтпас,
Ашылмады сыр әлі.
Түнемес-ау, қырсықтығың себепсіз,
Арамызды қаққа бөліп тұрады.

Қалауыңның дәл басатын тамырын,
Қасиетім аз.
Айналамның бәрі – мұң.
Саған қарай ұшам дейді жүрегім,
Сезесіңбе, ұғасың ба жарығым?!.

Кірпіктерің байланбаған,
Жатырсың...
Кім деп соқты, жүрек деген ақылшың?!.
Таң атқанда, қызды–мұзға айналтқан,
Өмір - сен де қатыгездеу ақынсың!

Алдымыздан бақыт күліп тұрғанда,
Менмендіктің қажеті жоқ, бұлдан ба.
Сәтін салса, татуласып кетерміз,
Қайырлы таң !
Шуақ түсті бұл маңға...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Құба шың

  • 0
  • 0

Маңдайын мұзды қар басқан,
Қара-ала бұлтпен арбасқан,
Найзадай ұшы Көк асып,
Найзағай-отпен жалғасқан.

Толық

Сезімің

  • 0
  • 0

Сезімің
суалды деп сезіктен бе,
Сөз боратпа,
мен жайлы кезіккенге

Толық

Қара қаншық!

  • 0
  • 0

Көрші шалда
бар еді қара қаншық,
Көп үрмейді,
көп итпен жағаласып.

Толық

Қарап көріңіз