Өлең, жыр, ақындар

Мәлипаға

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 537
Болғанмен ұл да адам, қыз да адам,
Қай қазақ, деп санайды қызды балам.
Ұл туса, «ат ұстар» деп, қыз —«қырық жеті»,
Әкесі қуанады, деп — «мал алам».
Біреу кеп құда түсіп бесігінде,
Жеткізбей бойын еркін өсіруге,
«Қырық үйден қызға тыю» деп шешесі,
Жат үйдің аттатпайды есігін де.
Он үште десіп қызды «отауға ие»
Ұзатса, сиыр менен сауып бие,
Күндіз-түн — отпен кіріп, күлмен шығып,
Кетпейді қол мен беттен қара күйе.
Көңілден қайғы бұлтын айықтырмай,
Жасырып жұрттан бетін айыптыдай,
Егер де қылдан тайса қайын енесі
Сабайды басқа-көзге, байып қылмай.
Санамен сарғаяды ауыр ойдан,
Сыбаға тию түгіл ойын-тойдан,
Қол сұқпай өз үйінің ыдысына,
Жалайды аяқ-табақ, сарқыт қойған.
Үстіне таза кисе, «сәндендің» деп,
Демалса, «бой күйез боп пәлдендің» деп,
Жасынан «салды балақ, салақ қатын»
Атанып күнелтеді «әлдекім» боп.
Бір сәрі сонда күйеу болса теңі,
Не кәрі, не өмірдің ол бір кемі
Боп шықса, мойнына масыл дағы,
Сорының болғаны да табан елі.
Мінезі күйеуінің болса шадыр,
Күн-түні тепкілесе бермей дамыл,
Өмірден ол сияқты сорлы әйелге,
Өзі тар, өзі суық артық қабір.
Сорлыға тез келмесе бір күн ажал,
Қорлықпен өмір сүріп, қайтса ажар,
Атанып кәрілікте «мыстан кемпір»,
Жұрт одан жеркенеді көріп тажал.
Тұрады өмір деуге мұның несі,
Көрерің қай ауылға барсаң осы.
Осылай күн кешеді сорлы қыздың
Дәл жүзден, санап тұрсаң, тоқсан бесі.
Ендеше, сұлумын деп мақтанба, қыз!
Сыланып тоты құстай баптанба, қыз!
Жүрегің кімді сүйсе соныменен
Ойнап-күл, сырды түгел ақтар да, қыз!

1919



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Валерий Чкалов

  • 0
  • 0

Кеше кешке
Көшеде келе жаттым,
«Вечерняя Алма-Ата!»
— деп құлақтың

Толық

Жер айналған жалауым

  • 0
  • 0

Жауын жауып, жиектен бұлт түрілсе,
Құлпырып мың, бақтың балғын гүлінше,—
«Кемпірқосақ» аспан, жерді қосақтап,
Жер аспанның лентасына ілінсе.

Толық

Мұхтар Әуезовке

  • 0
  • 0

Ағасын, бойың пілдей, ойың гүлдей
Гүл бояуын, кілемге шеккен түрдей.
Сол гүліңді сұрапыл дауылдарда,
Қойған да жоқ, қыраулы салқын үрмей.

Толық

Қарап көріңіз