Өлең, жыр, ақындар

Құрқылтай

  • 28.07.2021
  • 0
  • 0
  • 388
Құрқылтай, құттай мына ұяң қандай?!
Құттай ұяң құт болсын, сүй арланбай!
"Көңіл сыйған жерге бәрі сияр" болса,
Жер әлем жылы ұяңа сия алғандай.
Жерге сыймай жүргендер, елге сыймай,
Сені көріп болсашы ұялғандай.

Иесі едің ежелден ептіліктің,
Үлгі алады өзіңнен бет бұрып кім?!
Ұяң үшін ерінбей еңбек етіп,
Күн ыстықта кенезе кептіріпсің.
Қайран сол, қанағатшыл пейіліңнен,
Белгісі байқалады тектіліктің.
Шеберліктің болмайды шегі, сірә,
Титімдей тұмсығыңмен шеп құрыпсың.
Жылы ұяңда жата бер жапан құсым,
Шапағына малынып кешкілік күн.
Қанағатты қалайтын текті құсым,
Жылы ұяңды жұмағым деп біліпсің.
Менің ұям - алып Шар, алты құрлық,
Гүрсілінен көз ашпас көп бүліктің.
Сыйыспай жерге неге жүрміз деген,
Сандалтады сауалы көп күдіктің.

Саған осы шын рахат, ұяң мамық,
Өзің болып күн кешем қиялданып.
Керемет кең дүниеге күй арнадық,
Соның бәрін бір саған қия алмадық.
Қанағатсыз біздегі пенде көңіл,
Кіп-кішкентай ұяңа сияр нағып?!
Адам ата баласы, амал қанша,
Алты бақан ала ауыз, ұялмадық.
Жылы ұям жоқ, өзіңдей пәктігім бар,
Жылы сөзге жүретін жиі алданып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сіз де мені сұрайсыз ба Тәңірден?

  • 0
  • 0

Сіз де мені сұрайсыз ба Тәңірден?
(«Ей, сұмырай!»
Не тіршілік мынауым?)
Мынау неткен хабарсыз күн, алаңсыз.

Толық

Сен ақымақ

  • 0
  • 0

Мен ақымақ таңсыз тағы қайтер ем,
Сабырыма келіп серік болмаса.
Мен ақымақ түнсіз тағы қайтер ем,
Көз жасым боп талықсып ап тамбаса.

Толық

Бір шоқ сезімнің тағдыры немесе Күлте

  • 0
  • 0

Көрген жерден көз жазбай-ақ таныдым,
Бәлкім бұл да тағдырдың бір тіркесі.
Дәптерімде сақтаулы екен әлі күн,
Сен сыйлаған бір шоқ гүлдің күлтесі.

Толық

Қарап көріңіз