Өлең, жыр, ақындар

Пенделер істейді екен өз дегенін

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 333
Пенделер істейді екен өз дегенін,
Ал менің сәл бөлектеу көздегенім,
Халықтың датын айтып өтсем деп ем
Жүрекке салғаннан соң сөз көгенін.
Бой бермес байлар басқан қоғам мынау,
Оңай ма дүниеде оларға ұнау.
Құдайға жақсам болды деуменен тек
Байлардың арасынан жоғалдым-ау.
Боп жүріп шөре-шөре екі арада,
Шығыппын әжептәуір жотаға да.
Әкімнің сөзін сөйлеп кетсем егер
Ақынды кешіре ме Отан – ана.
Тілімді қан жоса ғып тілімдеген,
Оянам сойқан соққан дүбірменен.
Жығылған жайнамазға ағам менің
Жалынып Жаратқанға күбірлеген.
«Әмин!» деп мен де жаям алақанды,
Шуаққа бөлей көр деп ала таңды.
Қытайдан ауып келген қара құзғын
Далада жеп жатады балапанды.
Жұмысқа дайын болып баптағаным,
Дүдәмал дүбәра оймен аттанамын.
Орыс мінез, орысшыл ректордың
Ұшырап қаһарына қақталамын.
Аққанда қан аралас түпкі тұма,
Күледі шегір көздер сықпытыма.
Шығады ректордан маң-маң басып,
Технарлар алшаңдатып бұтты мына.
Балықтай шыжғырылып табадағы,
Санам да сан сұраққа таланады.
Тілімнің түк керегі болмай қалар,
Технарлар басқарған соң замананы.
Өртімді өшіре алмай лаулай жанған,
Тағы да өлеңімді жаулайды арман.
Орысша зәрін шашқан ректорың
Отырар Шыңғыс ханнан аумай қалған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұңғышбай

  • 0
  • 0

Бұл ғұмырда не көрмеген Тұңғышбай,
Мәңгілікке көнермеген Тұңғышбай.
Арыстанға арыстанша ақырып,
Өсіп өнген өнерменен Тұңғышбай.

Толық

Орта кесеге қып-қызыл қанын жұқтырып

  • 0
  • 0

Орта кесеге қып-қызыл қанын жұқтырып,
Ұрттадым шарап көңілдің күйін ұқтырып.
Тамыр-тамырымды қуалап ала жөнелді,
Пендеге бітіп көрмеген әлі мықтылық.

Толық

Жазираға

  • 0
  • 0

Түсінемін, жан сырыңды түсінем,
Құтылмайсың Құдіреттің күшінен.
Оңашада көз жасыңды көлдетіп,
Бір жылы сөз күттің ылғи кісіден.

Толық

Қарап көріңіз