Өлең, жыр, ақындар

Өте шықтың жазға ұқсап

  • 12.04.2021
  • 0
  • 0
  • 272
Мен туғанмын шыққаннан соң азат күн
Қыш үйінде қарапайым қазақтың.
«Қызға тыйым қырық үйден» білмеймін,
Татқаным жоқ дәмін ондай азаптың.
Ұл менен қыз тағып қызыл галстук.
Қатар өстік, оқып өнер салыстық.
«Ақ аюды арқаға әкеп өсіріп,
Самолетпен айға ұшып барыстық».
Таған тептік, шаңғы киіп жарыстық,
Саят құрып, өлкемізбен таныстық.
Жас көктемдей гүлдей бердік құлпырып,
Болғаннан соң жүрек ыстық, жан ыстық.
Қайсыбір шақ бұртиысып ойынға!
Ол кезде тек мұқату боп ойында.
Жетекшіге арыз айта барып ап,
Алатынбыз тентектікті мойынға.
Әлі есімде Жақсыбайдың Нұрымы,
Жыны бар-ды десе қыздар бұрымы.
Арқасына тисе де топ жұдырық,
Қоймаушы еді желбең қағып мұрыны.
Оқытушы шақырарда қартаға
Лентамыздан байлап қойып партаға.
Мұғалімді күлдірем деп бүлдіріп,
Екілікті басатұғын қалтаға...
Шіркін сол бір балалық шақ, балғын шақ!
Дәмі кетпей таңдайыңнан балға ұқсап!
Әрбір күнің той-думанға бергісіз,
Өте шықтың жарқыраған жазға ұқсап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жасай бер, әріптесім!

  • 0
  • 0

Таппай ма әр кеудеден жыр ұясын,
Жыр сүйген жүрегіме нұр құйғасын.
Құттықтап мерейтойымен мен де келдім,
Қазақтың Сазгер ұлы Нұрғисасын.

Толық

Рухына бас иемін

  • 0
  • 0

Дала қызы ем жүректе көп нала, мұң,
Оқу, өнер еді көбіне алаңым.
Мамандық жоқ, білім саяз баланың,
Жүрісіндей тәлтіректеу қадамым.

Толық

Бұл сиқырлы перденің бергі беті

  • 0
  • 0

Бұл сиқырлы перденің бергі беті,
Арғы жағы ызғырық желдің еті.
Жас-кәріні қарыған уақыт аяз,
Күйреуікке таяу тұр жұттың шеті.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер