Өлең, жыр, ақындар

Сіз бен біз

  • 02.01.2021
  • 0
  • 0
  • 1210
Тағы бір жаз жалт етіп көзден ұшты,
Күзден көріп күрсіндік өзгерісті.
Жапырағы жұлынған жадау талдай
Жалғай алмай біз жүрміз сөз бен істі.
Тағы еске алам күз келіп, көктемімді,
Мен өткізгім келмейді текке өмірді —
Жадау талдың жел жыртқан жүрегіндей,
Жалғай алмай ертең мен өткенімді.
Тағы кірді шаһарға күз ентелеп,
Бүрісуге әзірміз біз ертерек.
Тамырына нәр жетпей cуық жерден,
Жапырағын жай ғана үзер терек.
Сөзіміздей желге ұшқан жетпей елге,
Жапырақтар жайраған көкте-жерде.
Өткен күн мен ісіңде нәр болмаса,
Мына өмірге бола ма өкпелеуге?!
Мына өмірге бола ма кіжінуге?!
(Көк жүзінде тырна-мұң тізілуде).
Кейін көктер бүршікке орын беріп,
Жазған жапырақ жабырқау үзілуде.
Тағы да күз... томсарып, тұр ойланып,
Бұлт қоштасар жазымен жылай налып.
Мен-ақ үнсіз кетер ем өмір бойы —
Жастық қайта оралса жыл айналып...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақтоғайдан ақ қайың-ару көрдім

  • 0
  • 0

Ақтоғайдан ақ қайың-ару көрдім,
Жасыл желек жастығы пәк күнәдан.
Ай көркіне ғашық боп тағы үлгердім,
Cыршыл сезім қамытын тақты маған.

Толық

Қаладағы кентавр

  • 0
  • 0

Ырғақта тербетілген бала бүркіт
сынды боп, алағызып, алабұртып,
бесікте жатқан күнім еске түсіп,
жанардан жас ытқиды жан ауыртып.

Толық

Көктемді сағыну

  • 0
  • 0

«Көктем, мен сені сүймейтін болдым...»
Бағдат Мүбәрәкұлы.
Арылғалы қанша жыл бір әдеттен –
Сезім суып кеткен-ді сірә, көптен.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар