Өлең, жыр, ақындар

Алатау

  • 11.12.2020
  • 0
  • 0
  • 1343
Армысың, Алатауым, айналайын,
Сағындым, ақ төсіңді аймалайын!
Шыңыңа бір шықпасам кете алмаймын,
Әр жылда Алматыма келген сайын.
Суырылып шықпасам да жүзден, оннан,
Біреумін мен де, әйтеуір, сөзді жонған.
Мінекей, өскен жерге ынтық болып,
Бүркіттің баласындай құзға қонған
Шаншылап көкке атылған заңғар-шыңның.
Үстінен кең жиһанға қарап тұрмын.
Астында табанымның бұлт айналып,
Бұрқырап құйып жатыр сайға құрдым.
Бүйірлі, бүйір шоқы тауды жанап,
Асқармен жанасуға қалады аз-ақ.
Бар көркін бәсекеге айдағандай,
Біреуі-біреуінен аса қарап.
Қаракөк қарағай мен жасыл арша,
Тіресіп өр төсіңе тайталаса,
Таудағы табиғаттың шырайындай,
Жатыр бір дүние боп таң-тамаша.
Миуалы қара бұйра баққа бөгіп,
Алматым жатыр анау гүлге еніп.
Аспанға бұлт лақтырып қырланады,
Заводтар лапылдаған жалын төгіп.
Айбарың асқарыңа бек жарасқан,
Алатау, сүйем сені бала жастан.
Сүйемін шыңдарыңды, алма кезек,
Гудоктың ащы даусын ала қашқан.
Күлкісі құлағыма тым ұнады,
Сүйемін сылқылдаған бұлағыңды.
Жылтылдап, түгін тартсаң майы шығып,
Секірген тастан-тасқа лағыңды.
Тұл тауда томсарылып тоңазыған,
Арқарлар өрсе, өрер, жортып құлан.
Көрем мен бөктеріңнен төрт түлікті,
Ыңырсып, жер қайысып, шұрқыраған.
Батырдың қабағындай ойлы құзың,
Дүниеге жаңа келген күннің жүзін.
Таңертең бұрын сүйіп, жатар шалқып,
Халқымның пейіліндей ұшан түзің.
Көмкерген көк жиекті кербез мұнар,
Желпиді сол даланы лепке құмар.
Төгілген сағасынан дала күйін,
Құлағым шалмаса да, көңлім ұғар.
Сүйемін гүл-гүл жайнап, қарт ажары
Жасарып, тауға ұласқан сахараны.
Ұшырып Кремльге жеңіс сөзін,
Талай той сондағы аулым жасар әлі!
Алатау, Қаратауды жатқан жалың.
Бас қосқан төрт-бес сөзін назырқанбай,
Алып қал бөбегіңнің қолда барын!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алтыбақан

  • 0
  • 0

Мен қызықпан алтыбақан тепкенге,
Ерте кезден оралмасқа кеткенге.
Әткеншек-сым тербетеді мені енді,
Аулап көңіл сайранға бұл жеткенге!

Толық

Жиендік

  • 0
  • 0

Нағашым менің – сырқынды қара сөз,
Өлең менің – ұрыншақ жиенім.
Жарапазаншыдай болмаса ез,
Ақындық еркелікті мен сүйемін!

Толық

Аспанда ұшқан бұлт ыдырап барад

  • 0
  • 0

Аспанда ұшқан бұлт ыдырап барады,
Мұңды жұлдыз бір жылт етіп қарады!
Сенің сәулең – нұрландырған даламды,
Күңгірт құз бен мүлгіп тұрған аралды.

Толық

Қарап көріңіз