Өлең, жыр, ақындар

Таудағы көрме

  • 29.11.2020
  • 0
  • 0
  • 437
Кеудемді ашып салқынына самалдың,
Жолдарымен жүріп келем бабамның.
Сан жетпейтін соқпақтар мен сүрлеулер
Иір-қиыр тарихындай даламның.
Санамдағы сан жұмбақтар шешілмей,
Жүріп келем сөйлемей де, көсілмей.
Тас төбемнен ұшып өтті тырналар
Қызды ауылдың қоңыраулы көшіндей.
Жүріп келем, пыр-пыр ұшып бөдене,
Ән салғандай құстары да, көде де.
Жез жебедей көз алдымда зуылдап,
Жалғыз киік ағып шықты төбеге...
Дәл алдымда алып таулар көрмесі,
Кес-кестейді «тоқтайсың» деп жерге осы.
Бір сиқырмен сөйлеп ала жөнелді
Табиғаттың таңғажайып көрмесі.
Қола дәуір шежіресін ашқандай,
Таулар, таулар – ұзақ, ұлы дастандай...
Жолын тосқан жолбарыстан жалтарып,
Ақбөкендер айдалаға қашқандай.
Қой соңында қойшылар жүр зорыққан,
Бір топ батыр келе жатыр жорықтан.
Мына жүрген ебіл-дебіл күңдер-ау
Бәйбішенің қаһарынан қорыққан.
Үйме-жүйме, үйткен қойдай тіңкиіп,
Байлар отыр қымыз ішіп, күмпиіп.
Кәнизактар ақ орданы тігіп жүр,
Ханзадаға қалмасын деп күн тиіп.
Мергендерде таусылғандай шыдам да,
Садақтарын алып шықты сынауға.
Қасқасына жайдақ мінген жылқышы
Шу асауды қуып кетті шығанға.
Таулар, таулар, қызығыңа батырдың,
Құшағыңда талай таңды атырдым.
Аяғымды басқан сайын керемет
Дүниеге кіріп келе жатырмын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Суға емес...

  • 0
  • 0

Суға емес, мен жарыққа шөлдеймiн,
Ой – электр, күнi-түнi сөнбеймiн.
Уақыттың станогымен өзiмдi
Қайта-қайта өңдеймiн.

Толық

Каспий

  • 0
  • 0

Каспий, Каспий,
Бетiң толқын, толқын сенiң әрi астың,
Келмейдi ғой
Ойынқұмар толқыныңмен таласқым.

Толық

Өлең

  • 0
  • 0

Ақ сөйлешi, бауырым –
Алдымдағы ақ қағаз.
Ақындықтың ауылын
Таппаған – көп, тапқан – аз.

Толық

Қарап көріңіз