Өлең, жыр, ақындар

Біржан – Сара

  • 01.09.2020
  • 0
  • 0
  • 1227
Біржан – Сара,
Біржан – Сара,
Біржан – Сара бір адам.
Бірдей адам. Бірдей ақын. Бір дәуірде жылаған.
Сол дәуірдің ызасынан бір-бірімен айтысқан,
Бір-бірімен айтысқан да, бір-біріне бауыр басып құлаған.
Бірдей адам.
Бірдей ақын. Бір дәуірге өкпелеп,
Келгені ғой дәуде болса дәуірменен бетпе-бет.
Қайдан білсін, дәуірді бір жеңеміз деп ойлайды-ау.
Жырдан басқа,
Сырдан басқа,
Мұңнан басқа
Маңайында жоқ көмек.
Намыс-қайрақ,
Салды қайрап,
Қайралса да өтпеді-ау.
Қайран дүлдүл,
Қайран бұлбұл,
Жараспайтын өкпе, дау.
Заманына өкпелесе, орны бөлек ол өкпе,
Сонда олар Поштабайға, Жиенқұлға өкпелеуі керек пе?
Содан, содан екеуі де
Заманына қапа болып,
Нала болып кеткені-ау...
Бірдей адам. Бірдей ақын. Нала-мұңы бір болған.
Бірдейлердің қашаннан да жандануы, жаралауы бір болған.
Екеуі де сом алтын ғой.
Сыналған да шыңдалған.
Шыңдалғанда шындық қалған,
Шындығында мұң қалған.
Бірдей адам. Бірдей ақын. Біреуі еркек, бірі әйел,
Әйелді еркек іздеп келген,
Сақ қараған, сынай ел:
Ақын Сара айтып салған,
Айтып салған Біржан да,
Айтып салу – азаматтық, таза мәрттік сыңайы ол.
Бірдей адам. Бірдей ақын. Бірдей түйсік-түйіні.
Іспейтұғын алқымдары, түспейтұғын иіні.
Бірдей екен Поштабайдан көрген Біржан қорлығы,
Бірдей екен Сара тартқан Жиенқұлдың күйігі.
Бірдей адам. Бірдей ақын.
Жыртқандары бір намыс,
Арғын-Найман бірге туған – аралары бір қарыс.
Жаралары жүрегінде, жараларын жалаған.
Іштей ұлып ілбішіндей, ыңыранғандай бір барыс.
Бір заманның Біржаны ғой, бір заманның Сарасы,
Бір заманның ырғағы ғой сыры, мұңы, наласы.
Айтысқан жоқ Біржан – Сара,
Аңырап адал сыр айтты.
Ақындықтың адалдығы – ұлылығы, шамасы.
Біржан – Сара, Біржан – Сара,
Біржан – Сара бір адам.
Аңырап келіп, жамырап келіп, бауыр басып құлаған.
Періштенің қанатындай шындық жеңіп сол күні,
Біле білсе, Арғын-Найман арылды-ау бір күнәдан.
Біржан – Сара –
Жыр мен сана,
Сыр мен сана,
Мұң – сана.
Мұндай сана қалай төзсін,
Қалай көнсін
Тығырыққа, тұмшаға?
Сәулесі бар саналарды замандарға
Періште де, пір сана,
Біржан – Сара сондай-сәуле,
Кер заманда,
Тар заманда,
Зар заманда туса да.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Адамзаттың әулетіміз – бәріміз

  • 0
  • 0

Адамзаттың әулетіміз – бәріміз,
Жер – кемеде бірге біздің жанымыз.
Адам ата, Хауа анадан таралған
Әуел баста нәсіліміз, қанымыз.

Толық

Шашыңа ақ кіріпті ғой, айналайын-ай

  • 0
  • 0

Шашыңа ақ кіріпті ғой, айналайын-ай,
Уақыт сені де жіпсіз байлағанын-ай.
Өмірге опынушы едің, опасыз жалған
Осқылап «бет-жүзің» демей ойнағанын-ай...

Толық

Шөпке барғанда

  • 0
  • 0

Салыңқы, салқы, сары күз
Айдау жол. Арба. Кер өгіз.
Шалғынның иісі – дәмеміз,
Сарыөзек жаққа келеміз.

Толық

Қарап көріңіз