Өлең, жыр, ақындар

Өтірік махаббат

Түсінеміз бірімізді-біріміз,
Қашықтықтан сөйлесеміз ымдасып.
Арамызда қалар ма екен сырымыз,
Махаббаттың тыңшысындай бір ғашық?
Жаным саған бара қалсам гүлменен,
Ессіз ғашық бір адамның кейпінде,
Шығып алдан, қуанышты түрменен,
Сүйемін! - деп алдай салшы сол күнде.
Түсейікші суреттерге күлімдеп,
Лүпілдері ғаламтордың төгілсін.
Сүйем, күйем, жаным менің, күнім деп,
Жазып қойшы. Құпияны кім білсін?
Құрбыларың қарай берсін қызғанып,
Мен де өтірік мақтанайын досыма.
Ұялмашы шақырғанда сызданып,
Көздерінше құшақтасам, жасыма.
Серуендеп жүрейікші көшеде,
Үйдегілер қызы бар деп ойласын.
Тәтті удан ұрттайықшы кеседен,
Жалған сезім қанымызда ойнасын.
Шуға айналып, әрбір қадам басқаның,
Өсектесін сыбырласып көршілер .
Біздер жайлы арнай берсін дастанын
Ақындарым. Құдай өзі кешірер.
Бар әлемді -ғашықпыз,- деп алдайық,
Күннен күнге өтірікке тоя алмай.
Торымыздан шыға алмасақ қартайып,
Қалайықшы бір жастықта оянбай.
Қателеспей жалғаны мен расына,
Ролімізден сездірмейік шалалық.
Өтірікші өкіметтің қасында -
Біздің ойын, барып тұрған балалық.
Екеуміздің өтірікке алданып,
Жетелейміз адамдарды арманға.
Сеніп жүрсін, үмітпенен ойланып,
Махабаттың бар екенін жалғанда.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз