Өлең, жыр, ақындар

Құс қайтару

  • 07.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1735
Құстар қайтып барады Құс жолында,
Құштар көңіл дір қаққан қыс торында.
Көшпелі жұрт көшпейді енді ешқашан,
Мызғып жатар мыңжылдық қыстағында.

Ей, аққулар!
Көктегі көшпелі ме ең?!
Елші ме едің Дештінің ескі елінен.
Кеудемдегі теңіздің мұзын сындыр,
Гәккулеген көктемнің ескегімен.

Ей, сиқыршы құс!
Егесі ежелгі елдің,
Елесі ежелгі елдің!
Балбал болып беткейде безерген кім?
Соның аққан көз жасын көрем ылғи,
Арнасынан алқынған өзендердің.

Құс жолына бір көшім тіреледі,
(Сүрлеуіне орнапты құм өзегі).
Балбал тастың жасынан бастау алып,
Тамырымда тулайды Ғұн өзені!

Жүрегімде тербелген Сақтың көлі –
Алтын адам шомылған аққу көлі!
Жанарыма көшірдім – таптым да оны:
Сарқылды ма...
Тілініп қаққа айналған –
Пешене боп басылып Һақтың мөрі.

Уа, аққулар!
Тәңірдің ерке құсы,
Біздік тағдыр – тарихтың ертегісі!
Өзенімді сарқылтқан шөл-сағыныш,
Өзегімді келеді өртегісі!

Өзенімді...
Мұз құрсап, қыс қамаған,
Қыс қамаған қытымыр қыстақ аман.
Жетім жартас – тарихтың ескерткіші,
Базар тарқап, қиқулы құс тараған.

Бастан талай заманның өтті ауыры,
Ішке түсіп кеткендей от-дәуірі.
...Аттан ауып қалған соң көшпелі жұрт,
Құстан ғана үмітті Көк Тәңірі!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Күміс өзен

  • 0
  • 0

Міне, жылжып кетті көлік,
Шаң жармасып баурына.
Жанарға жас кеп тіреліп,
Қош бол дедім аулыма.

Толық

Шатырша

  • 0
  • 0

Шатырша...
Жапан түзде жауын қырған батырша,
Қажып-талып, мұнартып тұр, қайтейін,
соны көрген жүрегімді, аһ ұрса.

Толық

Ескі жұртта

  • 0
  • 0

Біздің ел қонған боз дала мынау,
бөздей боп тозып кеткен бе-ей?!
Боз самал соқса, қозғалады қау
мұңлы бір әуен өпкендей.

Толық

Қарап көріңіз