Өлең, жыр, ақындар

Саори мен Каори

  • 05.05.2020
  • 0
  • 0
  • 703
Еркін күрестен үш дүркін олимпиада, он үш дүркін әлем чемпионы Саори Иошида мен төрт дүркін олимпиада, он бір дүркін әлем чемпионы Каори Ичоға

Самурайдың семсеріндей
Саори,
Арулардың көркеміндей
Каори,
Таңдай қағып,
Қол соғады бар әлем,
Жер мен мұхит,
Мұхиттағы маори!
Ягуардай
Сарт еткізіп Саори,
Кугуардай
Қағып түсер Каори,
Көз ілеспей қимылына,
Қайран боп,
Басын шайқар,
Баға берген дара би!
Асқақтатқан
Дүниеге өз жұртын,
Еліктейді,
Оларға сан қыз – қырқын,
Әлем тұрып,
Чемпионы Олимптің,
Біреуі төрт,
Ал біреуі үш дүркін!
Мықтылары
Бар әлемнің тірескен,
Мұнша алтынды
Кім алыпты күрестен?
Чемпионы
Алты бірдей олимптің,
Кротондық Милон ғана
Тұр есте!
Тірі жаннан жеңілуді
Білмеген,
Ширек ғасыр
Олимп төрін бермеген,
Көтеріп ап
Бір бұқаны күн сайын,
Жүгіргенде
Ойдан қырға өрлеген!
Ол еркек қой...
Ал нәзік қыз екеуі,
Атақ-даңқы,
Ай әлемге жетеді,
Жер жаһанға
Жақсы атты ғып жапонды,
Елдің туын
Ерлігімен көтерді!
Қыздар қандай,
Сыннан қайтпай, беттеген,
Ата жолы
Ерлік рухпен көктеген,
Екеуінің
Жетістігі айрықша,
Ешбір палуан
Бұл әлемде жетпеген!
Жұлқысқанын
Жұлып алса Саори,
Бұлқысқанын
Бұрап тастар Каори,
Арулары
Алысқанда әлемнің,
Боз кілемде
Тудырғандай жаңа би!
Сара жолдан
Жаңылмаған Саори,
Ата заңын
Қабылдаған Каори,
Қол ұстасқан
Қос аруы жапонның,
Тарту сізге
Дархан өлең, дала күй!
Саоридің
Әдістері бөлекше,
Каоридің
Күші қандай ерекше,
Сүйіндірген
Сымбаты мен келбеті,
Баян сұлу,
Құртқа мен Ай – Шөрекше!
Өмір мәнін
Тапқан күрес – сапардан,
Өз ісінің
Данышпаны атанған,
Жақсы көріп
Палуан жапон қыздарын,
Сәлем жолдап,
Жырға қостым жапаннан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазбауыр бұлтқа қол созған

  • 0
  • 0

Қазбауыр бұлтқа қол созған,
Қазақы сөздің шебері,
Даусынан қаздың оянған
Қоғалы көлдің кемері.

Толық

Армандар

  • 0
  • 0

Тағдыр-ай, бізді
Тарыдай шашты жан-жаққа,
Жақыннан жырақ,
Ауылдан алыс аулаққа,

Толық

Қыздың сыры

  • 0
  • 0

Ескілікке,
Естелікке,
Түрік жүрген құлағы,
Зерделі жас,

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер