Өлең, жыр, ақындар

Ай ару

Ай ару

Тау бөктері.
Көк аршалар жауынгердей тізіліп,
Көз тастады, табиғаттың ғажабына сүзіліп.
Иінағашпен су әкетіп бара жатыр Ай ару,
Сәл кідірсе, қалатындай құмырсқа бел үзіліп.

Мол бейнетке мырс еткендей, қиғаш қасы керіліп,
Қос бұрымы жотасында жібек жіпше өріліп.
Ақ маңдайдан аққан тері ақ сызықтың бойымен
Желкесіне құйылуда, ақ маржан боп төгіліп.

Ақ тамағы бүлкілдейді сансыратып сананы.
Саусағында жақұт жүзік шағылысып барады.
Шолпыларын сылдырлатпай, жұмсақ басқан табаны
Емдейтіндей жұмыр жерде қотырланған жараны.

Хор қызындай, еркіндікке қашып шыққан пейіштен,
Ай дидарлы ақ жүзіне күн келбеті келіскен.
Адам түгіл табиғатты сымбатымен тәнті еткен
Қазағымның әр аруы – ақ қанатты періштем!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз