Өлең, жыр, ақындар

Ат пен иесі

  • 08.08.2019
  • 0
  • 0
  • 640
Ат иесі Атын әбден үйретті,
Айтқанына көндірді де билетті.
Қожасына Ат та мойын ұсынды,
Әр қимылын тізгінсіз-ақ түсінді.
«Мұндай Атты керегі не жүгендеп?» –
Ат иесі ойға келіп ұтымды,
Айдалада ауыздығын сыпырды.
Еркін алып тынысын,
Ат әуелі жеделдетті жүрісін.
Сақ жүріп,
Енді бірде жалын жайып желдетіп,
Кербез басып жорғалады тербетіп,
Қуантқандай аттыны.
Бірте-бірте еркіндеді аптығып,
Одан кейін шапты ол Ат өрлетіп:
Қаны қызып, жүйткіп ала жөнелді,
Дөңгелентіп даланы.
Қожайынын тыңдамады ол енді,
Заулап ағып барады.
Ат иесі әуреленді алаң боп,
Ауыздығын салам деп;
Ат бірақ та көнбеді,
Шапқан сайын өрледі.
Иесі Аттан ұшты күні қараң боп;
Бұрынғы ма бұрынғы,
Шапты-ай Атың тыңдамай ой-қырыңды.
Ақырында шұқанаққа сүрінді,
Сүрінді де үзіп тынды жұлынды.
Аттыға мұң тығылды:
«Бейшара Атым, – деді, – өзім алжасқан,
Сыпырам деп жүгенді,
Көрген күнім, міне, енді,
Мен де азап шекпес ем,
Мұрттай ұшып, сен де өліп кетпес ең!»
* * *
Еркіндікті бергенімен халыққа,
Жүрер жолын анықтар
Қолбасшысы болмаса,
Тиімді емес онда аса.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дәніккен Данай

  • 0
  • 0

Данай шикізат дайындайтын,
Еш нәрседен де тайынбайтын.
Түйені түгімен,
Биені бүгімен

Толық

Жалпы жиын

  • 0
  • 0

Қандай тәртіп орнатпа,
Оған егер арсыз адам қол қатса,
Асырып ол айласын,
Қарастырар тек өзінің пайдасын.

Толық

Қайырымды қарлығаш

  • 0
  • 0

Ерте, ерте заманда
Жылан патша болыпты.
Таңдамапты табанда,
Кез келгенді сорыпты.

Толық

Қарап көріңіз