Өлең, жыр, ақындар

Әке мен шеше

  • 09.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2511
Жалғыз ұлды, боп кеткен астаналық,
Күте-күте барады, шаш та ағарып.
Күйбең тірлік кешеді кемпір мен шал,
Қазақы үйді баяғы баспана ғып.

Хабар тосу, хат тосу - күндегі өмір,
Кей шақтары толқиды түнде көніл...
Қансонарда бір келер қара бала,
Содан кейін келеді шілдеде бір.

"Көздіқара" тұсында бір ін барын,
Қасқа қойдың қасқырға жарылғанын.
Қызыл қашар қысыр қап қойғанын да-
Қара бала сезбейді бұның бәрін.

Сағынғасын, таусылып өзге амалы,
"Атырауды" жырлаған, "Боз даланы",
Жалғыз ұлды газеттен көріп қалып,
Бір серпіліп кемпір-шал мәз болады.

- Шүкір, шүкір, - дейді шал, -
Қарап өлер,
Біз емеспіз.
Әлігі қалада өнер
Қуып жүрген жалғыз да келіп қалар,
Бала келер...,бір келін бала ала келер...

Шүкір дейді, шал-кемпір шүкір дейді,
Шүкірменен көңілді бүтіндейді.
Шүкірменен ошағы қайта маздап,
Қазақы үйдің мұржасы түтіндейді.

Кешкіқұрым мал жайғап келе сала,
Бала-шаға жоқ үйде, оңашада.
Шайын ұрттап шал болса жайғасады,
Теледидар алдына - тамашаға.

Өнер деген, ішінде, ат-бәйгенің,
Ойқастатып өзінше шаппайды кім?!
Қара шал да іздейді өз тентегін,
Боқтайды мың, алайда таппайды ұлын.

Кейде әуендер эфирден шалқыса үнді,
Гитараны, бір сипап, алты сымды.
Хат жазады сары кемпір Алматыға,
"Сағындық,- деп, - домбыра тартысыңды..."



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сен де армансың

  • 0
  • 0

Сен де армансың,
Мен де арманмын, арманбыз,
Армандарды армандарға жалғармыз.
Саған құсым қалықтайды алыстан,

Толық

Қоскүрең

  • 0
  • 0

Бойдағы ғажап намыспен,
Жырлары кабакта піскен.
Қоғамға «қолын шығарып»,
Арақты ары ақтар ішкен.

Толық

Дұға-жыр

  • 0
  • 0

Сен Адам ең, ал біз болсақ пендеміз,
Пенделікпен аттанамыз көрге біз.
Атаң қалды, інің қалды артыңда,
Бала-шағаң қалды және жеңгеміз.

Толық

Қарап көріңіз