Өлең, жыр, ақындар

Жаңабай әулие баба үні

  • 08.06.2019
  • 0
  • 0
  • 1124
Кең Жылой деп, жыр төгіп аңқылдаған,
Кел, кел, бермен жақында ақын балам.
Тарихыңның беттерін ақтарайын,
Бабалардың демімен алтындалған.
Әруақтан сескенбе күңіренген,
Ол менмін ғой өзіңе күбірлеген.
Өн бойыңа қан құйып оттай ыстық,
Тылсым күшпен ой салып күнге өрлеген.
Әуелден әулиелер мекен еткен,
Кең Жылой-күн бесігің жер ғой көркем.
Арғы атаң- Сармат бабаң қоныстанып,
Көтерген шаңырағы бізге жеткен.
Қаншама сырлар жатыр таңғажайып,
Жездіден Оғыз ханның даңқын жайып.
От жаққан Аралтөбе қырларынан,
Тап қазір сөйлейтіндей қолын жайып.
Киелі кең далаңнан тыныс алып,
Жем бойын он екі ата қоныстанып.
Көтерген Алаш туын ынтымақпен,
Шаттанып бірлігінен ырыс тауып.
Жау тисе қайыспастан нық тұрғанмыз.
Сескенбей ерлікпенен бұқтырғанмыз.
Түсіріп төбесінен жайдың оғын,
Ерлікпен келер күнге болдық аңыз.
Дауға барсақ біріміз бардық жеке,
Суырылған шешендей қалың көпте.
Жауға шапсақ ту байлап бірге шаптық,
Қалмасын-деп, туған ел қалың өртте.
Жайлауымыз Жем, Қайнар, Ойыл, Сағыз,
Асан Қайғы тыныстап қылған аңыз.
Қырларымыз жаңғырған малға толы,
Бейбіт күнге мәз мейрам қуанғанбыз...
Бірақ әттең қуаныш болмай ұзақ,
Жоңғар, Қалмақ,Хиуа құрды тұзақ.
Ортасында сан оттың шырылдадық,
Ор жыланға арбалған торғайға ұқсап.
Қызғанғандай ата-жұрт қоныстарын,
Таптамақ боп елімнің ырыс дәмін.
Мысық тілек түлкідей айласымен,
Айдап салды жауымды орыстарым.
Қиын болды Ақтабан шұбырынды,
Сақтау үшін киелі қалың елді.
Сауран барып үш рет оралғанбыз,
Жоғалтпауға туған ел тұғырымды.
Қол бастадық-азаттық туын керген,
Би Әжібай, Есболай, Назарменен,
Жас батырлар атылған арыстандай,
Тастемір мен Шотан да бізге ерген.
Сескенбедік қаптаған қалың жаудан,
Еске түсіп қайран жұрт қайың сауған.
Ең соңы дем біткенше алыстық біз,
Айнымастан оқ өтпес алып таудан.
Қан төгілді бостандық теңдік үшін,
Бастан өтіп сан шайқас ерлікке сын.
Азаттықтың ақ туын желбіреттік,
Биіктерге самғатып жеңіс құсын.
Ерлігімнен жан балам ақыл түйген,
Қылышым ғой сондағы өзің сүйген.
Сол болаттай өткір бол әрқашанда,
Жырларыңды ақтарып жалын күймен.
Жатқанменен біз мына жер астында,
Өр рухымыз тіл қатар қыр басында.
Әжібай, Арал, Назар бабаңа бар,
Сыр шертсін олар ұлым Бақашыда!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әбілқайыр хан

  • 0
  • 0

О, Муза Тәңір берген қыз бөбегім,
Бабамның ерлік даңқы іздегенің.
Міне біз хан молаға жеттік бүгін,
Бір жұтып қоңыр салқын күздің лебін.

Толық

Абыз аға

  • 0
  • 0

Абыз аға, асыл аға ел сүйген,
Дауыл кешіп ерліктермен есейген.
Сәуле шашып бар маңайға ақ таңдай,
Өн бойыңа қайрат жігер күш берген.

Толық

Әжелер үні

  • 0
  • 1

Біз майданға найза алып аттанбадық,
Ар киесін қадірлеп ақтан тағып.
Тоздырмастан бабаңнан шаңырағын,
Адалдықтың антынан аттамадық.

Толық

Қарап көріңіз