Өлең, жыр, ақындар

Гүл мереке, күн мереке – 8 наурыз

Мақсаты: Адамзат баласын жарық дүниеге әкеліп, оны тәрбиелеп өсіретін ана екенін түсіндіру. Ана еңбегін еш нәрсемен өлшеуге болмайтынын, түн ұйқысын төрт бөліп, баласын азамат етіп тәрбиелейтін, сондықтан да барлық ананы, болашақ ана болар қыздарды сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу. Қыздарды әсемдікке, іскерлікке баулу. Өзін көпшіліктің алдында ұстай білуге, жасымай өнерін көрсете білуге тәрбиелеу.
Жоспары:
I бөлім «Ана - өмір шуағы» әдеби монтаж
II бөлім «Наурыз аруы» байқауы.
Құттықтау сөз:
- Құрметті апалар, аналар, қыздар сіздерді 8 наурыз мейрамдарыңызбен құттықтаймын! Бұл күні ең жылы сезімдер – қайырымдылық пен кішіпейілділік, үміт пен сенім, махаббат пен адалдық бірігеді.

Ардақты аналарға, салмақты әжелерге арналған
«Ана - өмір шуағы» бөлімін бастайық.
1 - оқушы:
Жер бусанып,
Көк шығып,
Арықтардан су ақты.
Бүрлеп өсіп көк шыбық
Жұтып жатыр шуақты.
Аналардың мерекесі
Бәрімізді қуантты.
2 - оқушы:
Сегізінші наурыз
Келген кезі көктемнің
Босап бақша-бауымыз
Мұз, қар еріп кеткен күн.
3 - оқушы:
Сегізінші наурыз
Күлімсіреп көктен күн
Елге ұсынып сары уыз
Елжіреп нұр төккен күн.
4 - оқушы:
Сегізінші наурыз
Жыл құсы ұшып жеткен күн
Тамшы жерге салып із
Жаңбыр жұпар сепкен күн.
5 - оқушы:
Арнада су тасынып
Көзге түскен беттен гүл
Үлкен - кіші асығып,
Күткен мейрам неткен бұл?
6 - оқушы:
Жоқ ешқандай дауымыз
Мереке ең жайдары
Өйткені бұл наурыз
Аналардың мейрамы.

Еркін мен Миржан орындауында «Анасы мен Бағлан» көрініс.
Ән: Құттықтаймын мама!
Әр оқушы өз анасына жылы лебізін, тілегін білдіреді.

II бөлім «Наурыз аруы» байқауы.
Байқаудың шарты: 1. «Таныс болайық...»
2. «Білімді мыңды жығар...»
3. «Қол өнер – мол өнер»
4. «Өнерлі - өрге жүзер»
5. «Дәм думан»
6. «Ерекше киім үлгісі»
(Сайысқа қатысатын қыздарды ұлдар қолынан алып класқа кіреді)

Қыздар мен ұлдарды таныстыру.
Байболава Аружан Айдосқызы– жауапкершілігі жоғары, белсенді оқушы. Ол ән айтқанды, би билегенді ұнатады. Әдемі киінгенді, сұлулықты сүйетін кербез қыз.
Қанатұлы Асқат – Сабақты жақсы оқиды. Ол тапсырылған істі баяу, бірақ тиянақты орындайды. Асқат үйінде бауырларына қамқор аға.
Мадиярова Гүлден Байболқызы - іске ширақ, әр пысық. Гүлденнің жан - жағындағыларды өз ісімен, қылығымен баурап алатын сиқырлы мінезі бар. Ол кіші болса да апайларына сырттай қамқор болып жүреді. Гүлден шығыс билерін билегенді ұнатады.
Сағымбаев Арман Болатұлы - Өз ойын еркін жеткізе білетін, жан - жақты білімді бала. Ол зерттегенді, бақылағанды одан қорытынды шығарғанды ұнатады. Дүниетану пәнін ерекше жақсы көреді. Арман көпшіл, досы көп бала.
Байғоныс Айман Еркінқызы - өзгелерден ерекше бірбеткей мінезі бар. Жанындағы достарының қуанышына қуана білетін ерке қыз. Айман анасының қолқанаты, сіңлісінің қамқор апайы.
Үсен Бекнұр Талғатұлы - өте жұлымыр, ақкөңіл бала. Бекнұр айналасындағы құбылысты, өзгешелікті тез байқағыш, ширақ ойлы. Ол өлең айтқанды ұнатады. Жастайынан еңбек етуге үйренген еңбекқор бала.
Абдуова Самал Камалқызы – достарының арасында, ата-анасының алдында өзін ерке сезінетін, қылықты қыз. Ол билегенді, әсіресе үнді биін жақсы көреді. Самалдың жазуы өте тамаша.
Бақгелді Нұржан - Әр шаруаға пысық, шапшаң қимылдайтын бала. Нұржан сурет салғанды, дайын үлгілерді бояғанды, реп стильіндегі өлеңдерді, биді жақсы көреді. Есте сақтау қабілеті өте жақсы.
Сайлауова Анель Мақсатқызы – мақтағанды ұнататын, көп сөйлемейтін салмақты, ұяң мінезді қыз. Анель үйде апайларының істегенін қайталағанды жақсы көреді. Билегенді, сіңлісінің шашын өріп, сәндегенді жақсы көреді.
Жанпозов Алинұр Ұланұлы – дос пейілді, басқаларға жаны ашығыш, мейірімді бала. Алинұр билегенді, сурет салғанды ұнатады. Ол есеп шығарғанда алдына жан салмайды.
Манкеева Айгерім – елгезек, іскер, қиялы өте жоғары дамыған, шығармашыл. Алуаның жүрегі жылылыққа толы, мейірімді, жаны нәзік қыз. Айгерім ағасымен ойнағанды жақсы көреді. Ол мультфильм көргенді ұнатады.
Самат Еркебұлан – тиянақты, тазалыққа жаны құмар бала. Мінезі өте жұмсақ, кішіпейіл. Еркебұлан «Қара жорға» биін тамаша билейді. Математика сабағын сүйіп оқиды.
Бимұрза Айша - байсалды, салмақты қыз. Ол мақтанғанды ұнатпайтын қарапайымдылығы басымдығынан, білсе де үндемей отыратын ерекше сабырлы мінезі бар. Айша кітап оқығанды ұнатады.
Манат Елжан – дос пейілді, аңқылдаған мінезді бала. Ол ән айтқанды, би билегенді ұнатады. Әңгімені жақсы мазмұндайды. Елжан достарының арасында елгезектігімен ерекшеленеді.

Қыздарға жеребе алдыру арқылы шығу ретін анықтау.
Елман К.
Қыз дегенің қызғалдақ,
Құлпырады жайнайды.
Тотыдайын таранып,
Бұл-бұл құстай сайрайды.

Сегізінші наурыз көктем келді,
Жарасады қыздардың киген бөркі.
Даярланған сұлуларды көптен бері,
Мерекеде бағалайтын кезі келді, - деп сыныбымыздың ару қыздарының арасында өтетін «Наурыз аруы» атты сайысты бастайық.

- Сайысты бастамас бұрын ару қыздарымызға әділ баға беретін, қазылар алқасын сайлап алайық.

«Таныс болайық...»
«Қыз - өмірдің қызғалдағы» - деген ғой,
Талай заман мойындаған ерен ой.
«Сегізінші наурыз» мерекеде,
Танысуға алдарыңа, хас сұлулар келген ғой.
Айдос
Қарсы алайық, халайық!
Аруға көз салайық.
Қошеметтеп сайыскерді,
Қанекей қол соғайық!
- Ендеше ортаға сұлу қыздарымыз келіп, өздерін таныстыруға рұқсат етейік.

Тақпақ «Құттықтаймын мама» Айдос Е.
«Білімді мыңды жығар...»
«Мақал – сөздің мәйегі» - дер даналар,
Білмегендер мақалды артта қалар.
Мәнін ұғып жаттап алған қыздарымыз,
Бүгінгі күн алдарыңда дараланар – деп қыздарымыз өз өнерлерімен қоса білімдерін көрсететін мақал - мәтел сайысын бастайық. Ару қыздарымыздың 1 минутта қанша мақал айта алатынын байқау.

«Қол өнер – мол өнер»
Ою деген көненің көзі, ескінің сөзі,
Сыр шертіп, әңгімелер келді кезі.
Қыздардың саусақтары майысқанда,
Дейсіздер - «хас шебердің келді өзі».

Би: «Қара жорға» Қосжан А.

«Өнерлі өрге жүзер»
Өнерлілер қанат қағар қалықтап,
Ән салады, би билейді шалықтап.
Қыздарымыз қайсы мықты екенін,
Бүгінгі күн сайысымыз анықтар.

Ал, ортаға шақырайық сендерді,
Бар өнерді салатын бір кез келді.
Талантты да, жас жұлдызды көруге,
Өнерліні сүйетіндер көп келді.

«Дәм думан»
«Ас – адамның арқауы»- бәрі білер,
Тағамның алуан түрін білесіңдер.
Бүгінде қыздарымыз әкепті асты,
Даярлаған өз қолымен, ол бір өнер – деп, қыздарымызды үйден, аналарының көмегімен даярлаған тағамымен ортаға шақырайық.

«Брейк биі» Айдосов Нұрбол

«Мен жасаған ерекше киім үлгісі.»
«Адам көркі - шүберек» деген екен,
Қазірде сән үлгілер керек екен.
Әр арудың өз бейнесі өзгеше,
Сыр шертеді талғамы, бөлек елден – деп, ару қыздарымыздың ешкімге ұқсамайтын, өз қиялынан туындаған киім үлгісін тамашалайық.

Ару қыздарымыздың өнерін бағалап - саралау қорытындысын таныстырып, марапаттау, құттықтау қазылар алқасына тапсырылады.


Пікірлер (1)

Ғани

Пайдама жарады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз