Жолда жүру ережесін сақтайық!

Мақтарал ауданы Н.Бекежанов ЖОМ бастауыш сынып мұғалімі
Стамкулова Зауре Осербаевна

Тәрбие сағатының тақырыбы: Жолда жүру ережесін сақтайық!
Тәрбие сағатының мақсаты:
1. Оқушыларды жолда жүру ережесімен таныстыру.
2. Жол қауіпсіздігін есте сақтауға, білуге жол ережесінің белгілерімен жүре білуге үйрету.
3. Оқушыларды сақтыққа тәрбиелеу. Өз бетімен жұмыс жасай білуге дағдыландыру. Сөздік қорларын байыту.
Көрнекілігі: Бағдаршам, қиылған жіңішке ұзын тілім қағаздарды еденге жапсырып, үлкен көше, жиекжол, екі көшенің қиылысқан кескіні, жол белгілері.
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың назарын жаңа сабаққа аудару.
II. Негізгі кезең
Мұғалім:
- Сәлеметсіздер ме, оқушылар! Бүгін біздерге мемлекеттік авто инспекция қызметкері келіп тұр. Ол сендерге жолда жүру тәртібі туралы айтып өтеді
МАИ қызметкері:
- Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгін мен сендерге жарақаттардың алдын алу мақсатында жол тәртібі нұсқауларына қысқаша шолу өткіземін. Бағдаршам - өмірімізді жазымнан сақтандыратын көмекшіміз. Оның сырын біліп, тілін алу баршамызға керек.
Біздің ауылымызда, сол сияқты біздің еліміздің басқа да қала, ауылдарында бәріне ортақ көше қатынас ережесі енгізілген. Бұл ережені оқушылар да, үлкендер де, яғни барлық көлік жүргізетін жүргізушілер де бұлжытпай орындауы керек.
-  Балалар, сендер көшеде жүру ережесін білесіңдер ме екен, көрейік.

Мынандай сұрақтарға жауап беріңдерші:
1. Көшеде жүру ережесін білу бізге не үшін керек?
- Әр оқушы көшеде жүру тәртібін  өте жақсы білуі керек. Көшеде жүре білу машина астына түсуден, апаттан сақтайды.

2. Жиекжол дегеніміз не?
- Адамдар жаяу жүретін көше жиегіндегі тар жол.

3. Жаяу адамға қай жермен жүруге рұқсат етілмейді?
- Көлік жүретін көшенің ортасымен жүруге рұқсат етілмейді.

4. Көшеде жүру тәртібін кім басқарады?
- Көшеде жүру тәртібін бағдаршам басқарады.

5. Көше қиылыстарында қай жерлерден өтуге болады?
- Көшенің екінші көшемен қиылысқан жерінде немесе «Өтетін жер» деп жазылған тұста немесе асфальтта көлденеңіне сызылған жалпақ ақ жолақтары бар жерінде және бет алдындағы бағдаршамның жасыл жарығы жанған кезде өтуге болады.

6. Ал жиекжолда қалай жүру керек?
- Жиекжолдың оң жағымен жүру керек, сол жағымен жүруге болмайды.

7. Жиекжолдан тағы қалай жүруге рұқсат етілмейді?
- Төрт-бес адам қатар жүруге болмайды.
МАИ қызметкері:
- Оқушылар, сендер жолда жүру ережелерін түсіндіңдер ме?
Жол тәртібін сақтап, өз өмірлеріңізге қамқор болатындарына сенімдімін.

- Ережені бұзбайық
Тәртіпті біз сақтайық
Бағдаршамға қарайық
Аман алып қалайық!

«Көше ережелерін білейік» кезеңіне тоқталайық.
1. Жүріп келе жатқан машинаның алдынан өтіп кетемін деуші болма,ол тоқтағанша, не өтіп кеткенше күте тұр.
2. Мектепке келе жатып үлкен жолдың шетімен жүр. Алдыңнан машина шықса, жол бер. Тоқтап тұрған машинаның қасынан абайлап өт.
3. Көше тәртібін орындамау көліктің жүріп тұруына кедергі келтіреді.
4. Көшеден өтерде әуелі сол жағыңа,көшенің орта тұсына жеткенде оң жағыңа қара. Егер машина келе жатса, өтіп кеткенше сол орныңда  ақ жолақ сызылған тұста күте тұр.
5. Бағдаршам - өмірімізді жазымнан сақтандыратын көмекшіміз. Оның сырын біліп, тілін алу баршамызға керек. Оның беретін сиқырлы әмір сөздері бар.
 
Есіңе сақта.
• Көшеден өткенде арнаулы жерден, жасыл жанғанда ғана немесе реттеушінің белгісін күт.
• Жол қиылысында аса абай бол.
• Көшеден тек жаяу адамдар өтпелері бойынша жүр.
• Бағдаршамға қарауды ұмытпа.
• Жолдан өтер кезде алдымен сол жағына содан соң оң жағына қарап, арнайы жаяу жүру жолымен өт.
• Көшеде бейтаныс адамдармен сөйлеспе және ілісіп кетпе.

Жол заңы дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Жол тәртібін бұзба, ол қатер тудырады. Жолдың қалыпты қозғалысы көбінесе балалардың жол бойында қалай болса, солай жүріп, доп қуалайтыны,  жүріп бара жатқан машинаға жабысатыны, қалтарыстан жолға шығып кететінінің салдарынан бұзылады. Жол тәртібін бұзғандықтан кейбіреулер машина дөңгелегіне ілініп қаза тауып, кейбіреулер жарақат алады. Ал кейбіреулер өмірлік мүгедек болып қалады.
 
Өмірде күтпеген оқиғалардан сақтану үшін жол ережелеріне бағыну керек. «Сақтансаң сақтармын» дегендей ережелерді тек білу ғана шарт емес, оны бұлжытпай орындаса ғана аман - есен жүруге болады. Көше тәртібін сақтау- сенің міндетің! Егер жол ережесін бұзсаң, тек өзіңе қауіп төндіріп қоймай, басқа адамдарға да зияныңды тигізесің. Сондықтан, жолда сақ бол! Көше тәртібін есіңнен шығарма!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)