Эссе және өлең-жыр байқауы

СҚО-да жас ұстаз ерекше балалармен жұмыстың тың әдісін ойлап тапты

Солтүстік Қазақстан облысында жас ұстаз Иван Бурковскийдің «Кедергісіз робототехника» жобасы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауының облыстық кезеңінде үздіктердің қатарынан көрінді.

Жас ұстаздың «Кедергісіз робототехника» әлеуметтік жобасы ерекше оқытуды қажет ететін балаларға негізделген. Бес жылдан астам еңбек өтілі бар мұғалімнің пікірінше, бұрынғы оқыту әдістемесін өзгертетін уақыт жеткен, қазір бұрынғы тәсілдер өзекті емес.

Иван Бурковский елімізде алғашқылардың бірі болып мүгедектігі бар балаларға робототехниканы үйретіп жатыр. Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыруды ол екі жыл бұрын қолға алған екен. Жан-жақты зерделеген ұстаз, бірер ай бұрын ғана теориядан іске көшіпті. Нәтижесіне көңілі толады.

«Мен бірде балалардың робототехникамен қызыға айналысып жатқандығының куәсі болдым. «Неге өз тәрбиеленушілеріммен айналыспасқа, неге сабақтарыма робототехника элементтерін енгізбеске» деген ой келді. Артықшылықтары көп: танымпаздықты, есте сақтауды арттырады, қиялдауға үйретеді. Үздік болуға ынталандырады. Қазір жаңа жобаны енгізгелі біздің балалар дефектолог, логопед, психолог-мамандардың сабақтарына келуге асығып тұрады. Тапсырмаларды қызығушылықпен орындайды. Бұның өзі жақсы жетістік», - дейді Иван Бурковский.

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша қаласының тұрғыны Иван Бурковский психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде ерекше оқытуды қажет ететін балалармен жұмыс істейді. Жас маман М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді «Дефектология» мамандығы бойынша аяқтаған. Қазір оның класында 10 бала тәрбиеленеді. Тың жобаның қолданыс аясын кеңейткісі келеді, өйткені тек Тайынша ауданында ғана ерекше оқытуды қажет ететін балалардың саны – 386.

«Әр робот шамамен 180-200 мың теңге тұрады. Бізге ең кемінде 4 робот керек. Қазір екі роботты Тайынша ауданындағы орта мектептердің бірінен жалға алып қолданып жүрміз. Қаржы табылып жатса кеңірек ғимаратқа көшіп, роботтар сатып алғым келеді. Онда көбірек баланы қамтуға болар еді», - дейді әлеуметтік жобаның авторы.

Оның идеясы «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауының облыстық кезеңінде үздіктердің қатарынан көрінді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...