Эссе және өлең-жыр байқауы

Орманбет би

Баяғыда аңшылықпен күн көрген бір адам болған екен. Бір күні аңға шықса, алдынан бір буаз киік ұшырайды. Оны атып, алып төс етін кесіп, отқа қақтайды да аузына апара бергенде, «Әйт», — дейді. Арт жағынан біреу, қараса, манағы киігі, «Менің жәйімді Орманбет биден сұра», — деп секіріп-секіріп жоқ болады.

Аңшы енді сол Орманбет биді іздеп табуға бел байлайды. Ол ұзақ жол жүріп Орманбет бидің аулын табады, бірақ, Орманбет би үйінде болмайды, қаңыраған үйі ғана тұрады.

Аңшы сұрастырып білсе, Орманбет бидің басқа бір жерде ашына әйелі болады екен. Ол соған кетеді де өз әйелі оны қуып кетеді.

Аңшы жігіт о да Орманбет бидің соңынан іздеп бармақшы болады. Ақыры Орманбет бидің жаңа отауын табады. Отауға кіріп барса, бір әйел тұрыпты да: «Сен Орманбет биді іздейсің ғой», — деп бір жүгенді қағып қалып: «Қаратөбет бол», — деген екен, әлгі аңшы ит болып шаба жоғалыпты, бірақ, санасы өзгермейді. Содан қаңғырып жүріп, бай ауылға ұшырайды. Мал сойылып қан-жын болған жерде, ол ауыл иттерінің бәрін жеңіп, маңнан қуатын болыпты. Ол үйдің әйелі жыл сайын бала тапса да, үш күн тұрғансын өле береді екен, итті үйіне әкелген күні де ұл бала табады.

Ел жатып ұйқыға енген уақытта ит тұрған үйдің шаңырағына бір құс келіп қонады да, одан жаңа туған сәбидің үстіне төне бергенде, ит шап беріп ұстап алады. Әлгі құс «Өлтірме», — деп жалына бастайды. «Мен екінші қайтып осы үйдің баласына залал жасамаймын, және өзің үшін бір жақсылық істермін», — деп ант ішеді құс. Ит жібереді.

Сонымен ит тұрған үйдің жас баласы ауырмай-сырқамай өсе түседі.

Бұл иттің зор қасиеті болды деп ойлайды үй иесі. Иттің әр қылын жібекпен орап, шолпы тағады. Сондай жақсы тәрбиелейді.

Бір күндері ит сол Орманбет бидің жаңа отауына барып қайтайын деген оймен шауып отырып отауға кірсе, манағы әйел: «Ой, мынау әлі жүр екен ғой. «Сен боз торғай бол!», — деп жүгенді қағып қалса, торғай болып ұшады да кете барады. Ол, ыстық күндері ұзақ ұшып жүрумен әбден шөлге ұрынып шаршайды. Содан ол, бір түп шіліктің түбіне қонып енді ұшуға да жәйі болмай жатқанда ойнап жүрген бір топ бала көріп ұстап алып, қуанғаннан үйлеріне ала жүгіреді. Торғайды ұстаған бала анасына келіп:

«Апа, біз торғай ұстадық», — деп мақтанады. Шешесі: «Қане, торғайың», – деп қолына алады да: «Ой, ой, ұшырып алдым», — деп қойнына сала қояды. Балалар жыласа да бермейді. Ақыры әлгі әйел балалары кеткесін, торғайды бір жүгенді қағып жіберіп, бұрынғы адам түріне енгізеді, сосын айтады ол:

«Түнеукүнгі алдыңнан киік болып көрініп сен атып алған мен едім. Мен Орманбет бидің бәйбішесі едім. Оның ашына әйелі мені киік етіп жіберді. Содан қарақұс та етіп жіберді. Ол сиқыршы болатын», — дейді. Әйел және «Сен ит болып жүргенде, ана бай ауылда құс болып барып, сені ұстап алған да мен едім. Сонда саған жақсылық етермін деп едім. Міне, соның есесі. Енді ана Орманбет би мен оның сиқыршы әйеліне не істе дейсің, қолымнан келеді. Мен қазір одан да артық сиқыршылық өнер таптым», — дейді. «Ол екеуін есек жасап, артына мың бұттан құм сүйретіп қой», — деп тілек етіпті. Орманбет би мен оның ашына әйелі осы кезге дейін жүгін тарта алмай бір жерде жүр-мыс дегенді аңыз етеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...