Өлең, жыр, ақындар

«Ы.Алтынсарин-2016» республикалық олимпиадаға 4 мыңнан аса оқушы қыздар қатысты (ФОТО)

Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен бір мезетте еліміздің жеті облысында республикалық «Ы. Алтынсарин - 2016» пәндік олимпиадасы өтті.

Күндізгі сағат 12.00-де басталған білім сайысы 14.00-де аяқталды, - деп хабарлады аталмыш жоғары оқу орнының баспасөз қызметінен.

Олимпиадаға орта мектептердің 11-ші сыныбында оқитын 4 мыңнан астам оқушы қыз қатысып, сегіз пән бойынша бақтарын сынады. Олар: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы және химия пәндері.

Ал Алматы қаласы бойынша Қыздар университетінде өткен олимпиадаға 500-ден астам мектеп бітіруші оқушылар қатысты.

Өзінің алғы сөзінде осы оқу орнының оқу ісі жөніндегі проректоры Әділет Тойбаев мектеп бітіруші қыздарды қос дипломды білім беру бағдарламасымен таныстырды. 

«Қазіргі таңда университет шетелдік 38 жоғары оқу орнымен, яғни Франция, Түркия, Қытай, Германия, Польша, Сингапур, Ресей елдерінің озық тәжірибелі университеттермен тығыз байланыс орнатқан. LAMS Ұлыбритания университетімен, Нийде университеті мен АҚШ-тағы Миссисипий мемлекеттік университеттерімен қос дипломдық оқу бағдарламасы іске асырылып отыр. Осы бағдарлама бойынша бітірген студенттер екі диплом алады. Қос дипломды білім беру - қазақстандық жоғары білімнің халықаралық білім беру кеңістігіне бірігуінің аса маңызды көрсеткіші», - деді ол.

Енді, олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері алдағы наурыз айында анықталып, марапатталатын болады. Әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушы өзінің таңдаған пәні мамандығына сай келсе және ҰБТ-ға қажетті өту балын алған жағдайда шәкіртақысыз университет ректорының грантына ие болады.

Ал, жүлделі орын алмағандарға, бірақ Олимпиаданың деңгейінен өткендерге ҚазМемҚызПУ-ға бірінші кезекте қабылдануға құқық беретін сертификаттар табыс етіліп, оқуға түсуге 10% жеңілдік жасалады. Олимпиада жұмысының максималды көрсеткіші - 100 балл.

Айта кетелік, Қыздар университетінің ректоры, Динар Нөкетаеваның бастамасымен осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған білім сайысының басты мақсаты - мектеп бітірушілерге мамандық таңдауға көмектесу, дарынды оқушыларды айқындау, жастар арасында іргелі ғылыми білімді дамыту, білімді жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына көмектесу және дарынды талапкер қыздарды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне шақыру.

Бүгінгі Олимпиада Алматы облысы бойынша Алматы, Талдықорған, Жаркент қалалары мен Райымбек ауданының Кеген ауылында; Жамбыл облысы бойынша Тараз қаласы мен Қордай ауданында; Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Шымкент пен Түркістан қалаларында; Қызылорда облысы бойынша Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында;  Шығыс Қазақстан облысы бойынша Семей мен Өскемен қалаларында; Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында және Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал мен Атырау қалаларында өткізілді.

inform.kz


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

алима

нәтижесін қайдан билуге болады

алима

тәтижені қайдан білуге болады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар