Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық мәдениет

Әр ұлттың мәдениеті сол ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігінен, тарихынан, тілінен, салт-дәстүрінен, әдебиетінен, өнерінен айқын көрінеді. Мысалы, қазақ халқымыздың айнасы болған ұлттық мәдениеттің басты факторлары – халық ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары мен киімдері және әшекейлері, ұлттық ойындар мен аспаптары секілді маңызды ұғымдарды қамтиды. Солардың бірнешеуіне тоқталғым келеді.

Салт-дәстүр – қазына. Кеңпейіл қазақ халқының ата-бабасынан қан арқылы ұрпағына беріліп, бар ұлттың ерекше сый-құрметіне бөленіп келе жатқан ізгі дәстүрі, асыл қасиеті – қонақжайлылық. Оны кейбір дінтанушы адамдар әулие адамдардың алтыншы қасиетіне де балайды. «Құдайым, би қылмасаң да би түсетін үй қыл!» - деп бабаларымыздың Жаратқан Иемізге жалбарынуы сірә, сол себепті де шығар. Және де халқымыздың қонақжайлылықты қатты қастерлегені соншалықты, ауылға келген бейтаныс қонақтар кез келген үйге түспей, дастарханы мол, пейілі кең, үйі таза, көргенді ұл-қызы бар үйлерге ғана қонақ болған. Оған үй иесі қатты қуанып, ақ батасын берген. Әйтеуір, қазақ халқының салт-дәстүрінде қонақ шақырмау, қонақты үйге түсірмеу үлкен айып болып саналады. Қазақтарда меймандостыққа байланысты салттар: қонақ кірген кезде киіз үйдің есігін – қожайын,ал қонақ шыққан кезде қонақтың өзі ашады.

Ежелден қазақ халқы үшін ақ дастарханнан әрі дәмнен үлкен нәрсе болмаған. «Ас - адамның арқауы» деп есептеген қазақтың ұлттық дастарханында бұрыннан қолданылған тағамдардың негізгі түрлерін еттен, сүттен, қымыздан, сарымайдан, құрттан және мал өнімдерінен әзірлеген. Соның бірі – қалжа, жас босанған келіншектердің сыбағасы. Бұрыннан келе жатқан қазақтың салт-дәстүрі бойынша жас босанған келіншекке арнайы қой сойып, жас сорпа ұсынылады. Сондай-ақ ана мен сәбидің қуанышына маңайдағы көрші-қолаң, абысын-ажындарын қалжаға шақыртады. Бұндағы себеп – қуанышын бөлісу.

Қазақ халқының киімі басқа ұлттардан өзгешелену себебі неде? Мұның басты себебі –  қазақ халқының табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуімен байланысты. Ұлттық киімнің негізгі құрамдас бөлігі ретінде бас киім аса ерекше көрінеді. Әдетте бас киім әйелдер және ерлер бас киімі деп бөлінеді. Ерлер бас киіміне қалпақ, бөрік, тымақ, құлақшын, жалғабай, кепеш, жапетер, тақия, қырпу жатады. Ерлердің және әйелдердің бірқатар бас киімі киізден дайындалған. Әйелдер бас киімі – желек және шалма, екеуіде ақ матадан тігілген. Әйелдердің бас киімдері: бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, қарқар, сәукеле, тақия, шәлі, қасаба, бүркеніш, шылауыш. Әсіресе әйелдерге арналған бас киімдер құрастырылуының күрдерлілігімен және безендірілуімен ерекшеленеді.

Ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздан бізге жеткен байлығымыз, асыл қазынамыз. «Қуырмаш» тәрізді жас сәбилерге арналған ойындардан бөлек біршама ұлттық ойындар спортқа, ойлауға, шапшаңдыққа, сақтыққа тәрбиелейді. Ақсүйек. Жастар ойыны. Оны жазғы айлы түнде ойнаған. Ойын бастаушы жылқының бақай сүйегін, ол болмаса қойдың жілігін немесе жауырынын, жамбасын қолына алып, ойынға қатысушыларға көрсетіп, белгілеп алады да, ойыншыларды екі топқа бөліп, алысырақ барады да, ақсүйекті лақтырып жібереді. Қай топтың ойыншылары ақсүйекті бірінші болып тапса, сол топ жеңген болып саналады. Сүйек еті мүжіліп, далада күнге күйіп, әбден ағаруы керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз