Өлең, жыр, ақындар

“Ауыл тілі” газеті

«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған «Ауыл тілі» газеті өз заманында өз оқырмандарын ақпарат көзімен сусындатты. «Ауыл тілі» оқырмандарына түсінікті, нағыз қарапайым қазақы тілмен жазылды. Ол тек Қазақстанның ішіндегі ғана емес, бүкіл Кеңес Одағындағы, шетелдердегі болып жатқан жаңалықтармен, өнер-білім жетістіктермен оқырмандарын жан-жақты хабардар етіп отырған.

Сондай-ақ, «Ауыл тілі» газеті сол кезеңдегі барлық басы­лымдар сияқты оқу, денсаулық, ауылды кеңес­тендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустрияландыру мәселелерін көтерді.

«Ауыл тілі» газетін Жалау Мыңбаев Қазақ өлкелік орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланғаннан кейін, 1926 жылы «Ауыл тілі» газетін Қазақстан өлкелік партия, Кеңес комитеттерінің, Кәсіпшілер одағының, Сырдария губком мен губаткомының атынан шығаруға кірісті. Қиындықтар мен жоқшылыққа қарамастан ол мемлекеттікті зор жауапкершілікті қызметінің үстіне осы газеттің редакторлық міндетін де өз мойнына алған.

Газет бетіне «Шаруа күні», «Бұрын қазақта той көп болатын», «Мал аурулары» сияқты ауыл тілшілерінің және Алтайдың «Қазақ инженері Сәтбайұлы Қаныш», Ж.Аймауытовтың «Құтыру», Ғ.Мүсіреповтің «Үлгі боларлық ауыл», С.Сейфуллиннің «Ауыл байғұс мінекей» мақалалары, С.Мұқановтың «Қысқы кіреші» өлеңдері, Б.Майлиннің «Рахиланың көк тұсағы» әңгімесі, І.Жансүгіровтің «Қонақтар мен қожайын» сықағы ең алғаш осы газетте жарияланды. «Ауыл тілінің» сол кезде «Еңбекші қазақ» газеті жазғандай, «Ауыл тілі»  ауыл шаруасына арналған жаңа газет болды.

1926 жылы партиялық тексеріс нәтижесінде газеттің №1 санында «Қазақ тіліне шағым», «Бөртешілердің арманы» деген мақалалар жарияланып, онда партия-кеңестің қоғамдық жұмысындағы кейбір кемшін тұстары сынға алынған.

М.Дулатов «Ауыл тілі» газетінің белді қызметкерінің бірі болды. Қазақстан Баспа комитетінің баспасөз бөліміне жазған хатында «Мен «Ауыл тілінде» қызмет еткенде газеттің тіліне ажарлық (кейбір хаттарды түзеу), газеттерден керекті хабарлар теріп алу, орысша жарлық-үндеуді аудару… қызметтерін атқардым, мақала жаздым», – деп келтіреді.

Қорытындылай келе, газет ұлт тағдырына деген жанашырлық танытып, қазақ қоғамындағы мәселелерге баса назар аударды. Осылайша «Ауыл тілі» газеті ауылды кеңестендіру күресінде өзіне жүктелген міндетін абыроймен орындап, 1929 жылы 12-ақпанда 129 нөмірінен кейін өзінің шығуын тоқтатты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 
1 курс студенті: Спандияр Балнұр Әбдуәліқызы 
Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз