Өлең, жыр, ақындар

“Егемен Қазақстан” газеті

Бір ғасырлық тарихы бар, бүгінгі таңда нөмірі бірінші республикалық басылымға айналған – «Egemen Qazaqstan» газеті тұңғыш рет ХХ-ғасырдың 19-шы жылы, желтоқсанның 17-ші жұлдызында «Ұшқын»деген атпен жарық көрді . Газеттің тұсауын кесіп, әрі қарай алып жүруі қиын болғанына қарамастан, тар замандардың бірінде тас қапаста жарық сәуле болып басылымда  Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов,  Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев секілді халқымыздың біртуар азаматтары еңбек етіп, басылымды дамыту, беделін арттыру жолында біраз үлес қосқан. Көк көздердің қысымын көп көрген қазақ зиялыларына “Ұшқынның” атын сан өзгертуге тура келген, яки газеттің онсыз түбегейлі жабылып қалар қаупі болған. «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз тәуелсіздік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Газет тиражы - 80 мың, апталық тиражы - 400 мың, интернет нұсқасының күндік қаралымы - 40-50 мың, апталық қаралымы - 300 мың.
Барлық облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында басылып, жарыққа шығады. Газеттің өз сайты - “egemen.kz”, интернет-редакциясы бар.

Кейін газет атауы «Еңбек туы» болып өзгертілген, ал 1921 жылы 22 қазанда РК(б)П Қазақ облкомы төралқасы материалдық жағдайдың қиын­дығы­нан газет сандарының әрі қарай шығуын тоқтатқан, ал «Еңбек туының» орнына «Еңбекшіл қазақ» газеті шығарылсын деген мағы­нада қабылдаған қаулы негізінде 1921 жылдың 7 қара­ша­сында Орынбор қаласында жарық көрді.  Ал 1922 жылдың тамызынан бастап газеттің бас редакторы болып Сәкен Сейфуллин тағайындалады. Әйтсе де басқа да бірқатар мәліметтер «Еңбекшіл қазаққа» тек Сәкен Сейфуллин емес, Әбдірахман Байділдин мен Бейімбет Майлин да редактор болғанын жеткізеді.

РК(б)П Өлкелік комитетінің 1925 жылғы «Жетекші қазақ баспасөзі туралы» қаулысынан кейін, газет «Еңбекші қазақ» деген атпен шықты. «1925 жылы редактор Смағұлдың газетті бірыңғай төңкеріс ұранынан арылтып, ұлт бірлігі мен жер тұтастығына, автономияға үндейтін басылым етпек ниеті аңғарылады. Әуелі, 14 ақпанда атауын «Еңбекші қазаққа» түзетті. Наурыз айынан бастап Ақмешітке көшудің қамымен біраз шараларды қолға алды».

Газеттің Орынбор қаласынан шығу тоқтатылды. Соңғы нөмірі 1925 жылдың 4 маусымында жарық көріп, онда газет басшылығы баспахананың Ақмешіт қаласына қоныс тебетінің ескертті. Сол кездегі Ақмешітке (қазіргі Қызылорда) алдымен жауапты хатшысы Б.Майлин келіп, баспахана ісін ұйымдастырды. Жаңа қаладағы алғашқы саны 1925 жылы 10 шілдеде жарық көрді. Қызылордада төрт жыл шыққан «Еңбекші қазақ» 1929 жылы мамырда Алматыға қоныс аударды. Алматыдағы алғашқы нөмірі 1 шілдеде жарыққа шықты.

1932 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің ІІІ-пленумының қаулысына сәйкес, «Еңбекші Қазақ» газетінің атауы «Социалды Қазақстан» болып өзгерді. Газеттің редакторы лауазымына Әйтеке Мусин бекітілді.

Отызыншы жылдар қазақ тарихындағы аса ауыр кезең ретінде белгілі. Соған сәйкес газетте осы тұста халықты қынадай қырған ашаршылық жайлы мақалалар көптеп шыққан. Халықты аяусыз қырған ашаршылық 1931-1933 жылдарға сәйкес келсе, 1937-1938 жылдары қазақ зиялыларының басына қара бұлт үйіріліп, атылып, жазықсыз айдалып, қуғын-сүргінді бастан кешті. Ал бұл тұста Кеңес Одағындағы негізгі тақырыптар ауыр өнеркәсіп, колхоз құрылысы, халық мәдениеті, т.т. болатын. Бұл кезеңде де газет ұжымы қазақ қоғамында болып жатқан оқиғаларды негізгі назарында ұстады.

Газет атауы 1937 жылы мамырда «Социалистік Қазақстан» болып өзгертілді. Газет тарихындағы 1937 жылдан 1991 жылға дейін 54 жыл бойы қолданған ең ұзақ атау да осы «Социалистік Қазақстан» екені белгілі. Алғашқы редакторы – Жүсіпбек Арыстанов, орынбасары – Сұлтан Лепесов, жауапты хатшысы Байдабек Алиманов болды. Ахмет Елшібеков, Жайық Бектұров, Бәри Мәзитов, Жекен Жұмақанов, Ғайса Сармұрзин, Сейділдә Төлешов, Ғали Орманов, Ғабдол Сланов, Нұрсейіт Ерубаев сынды азаматтар қызмет етті.

«Социалистік Қазақстан» газетін Ж.Арыстановтан Ш. Мұртазаға дейін он екі редактор басқарған. Сақтаған Бәйішев, Әмір Қанапин, Балтабаек Асанов, Қасым Шәріпов, Қабыл Бекмұратов, Ғұмар Аққұлов, Кеңесбай Үсебаев, Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев сынды белді тұлғаларымыз “Социалистік Қазақстан” газетінің тізгінін ұстаған.

Газеттің осы атаумен шыққан кезеңі саяси қуғын-сүргін жылдарынан бастап, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, «брежневтік жылымық», Желтоқсан оқиғасына дейінгі қазақ елінің басынан өткен тарихи оқиғаларды қамтыды.

Газет атауы егемендік алған жылы маусымда «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Осы атауымен ел тәуелсіз­дігін қарсы алып, 1993 жылдың соңына дейін «Егеменді Қазақстан» болып жарық көріп тұрды.

«Редакторлардың редакторы» материалында «Егеменде» екі рет бас редактор қызметін атқарған қаламгер Ержұман Смайыл «Социалистік Қазақстанның» «Егеменді Қазақстанға» қалай өзгергенін төмендегіше тарқатады: «Шерағаңның газеттің атын қалай өзгерт­кені ойға оралды. Оған біраз дайындалдық. Өзі бір­қатар деректер айтып берді. «Революцияға дейін Батыс Қазақстанда «Қазақстан» деген газет шығып тұрып, кейін жабылып қалған. «СҚ»-ның алғашқы ізашары «Ұшқынды» шығарарда сол газеттің құрал-жаб­дықтарын, қаріптерін Орынборға жеткізген көрі­неді. «Ұшқын» сол «Қазақстанның» техникалық негі­зінде шыққан. Демек, «Қазақстан» атауын қайта жаң­ғырту орынды болады. Солай ұйғарылып, Орталық Ко­митет­тің Саяси бюросына хат дайындадық. Шерағаң бір түзе­тіп, қайта басылған нұсқасына қол қойып, Үлкен үйге аттанды. Екі сағаттайдан соң көңілді оралды да, алды­мен мені шақырды. «Ал жігіттердің бәрін жина. Ер­тең­нен бастап газетіміз «Қазақстан» болып шығады». Жігіт­тер жиналған кезде үкіметтен телефон соғылды. Труб­­каны көтерген Шерағаң басында «иә», «иә» деп отыр­­ды да, соңынан «жарайды» деп көңілсіз қайырды. Жаңа­ғы келген жерден әңгімені басқаша жалғастырды. «Елі­міз егемендігін жариялап жатқанда газет атауы да соған сай болуы үшін «Егеменді Қазақстан» деген атау алды».
«Егеменді Қазақстан» атауымен газет екі жыл жарық көрді.

1993 жылдың 1 қаңтарынан «Егемен Қазақстан» атауымен шыға бастады. Лингвистердің пікірлерінен кейін әрі сол кездегі бас редакторы Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен «ді» жұрнағы газеттің атауынан алынып, газет атауы «Егемен Қазақстан» болып өзгертілді және бүгінге дейін осы атпен шығып келеді.

Газет осы кезеңде елдік саясаттың сыншысына, ұлттық мүдденің жаршысына айналып, Тәуел­сіздіктің тұғырын нығайту ісіне етене кірісті. ХХ-ғасырдың соңғы жылы баспа Астана қаласына қоныс тепті. Қазір газеттің редакциясы Нұр-Сұлтан қаласы, «Егемен Қазақстан газеті» көшесіндегі 5/13 мекенжайында, Елбасының қолдауымен бас газеттің редакциясы үшін арнайы соғылған алып ғимаратта орналасқан.
Соңғы 4 жылда газет заманауи жаңғыру үдерісін жүзеге асырып, виртуалды бейнесіне толықтырулар енгізіп, ішкі мазмұны мен сыртқы келбетін сапалық тұрғыдан өзгертті. Сондай-ақ газеттің egemen.kz сайты да техникалық-дизайндық тұрғыдан қайта жаңғыртылып, мультимедиалық мүмкіндіктерін кеңейтті. Кезінде азулыдан сескеніп, тырнақтыдан тыраштай қорқып күн кешкен газет бүгінде тек қазақ тілінде ғана емес, орыс, ағыл­шын тілінде де ақпарат таратады. Сонымен қатар төте жазу мен латын әліпбиіндегі нұсқалары да іске қосылған.
«Егемен Қазақстан» құрылымдық жағынан материалдар тақырыбы мен атқарылатын жұмыс саласына байланысты Саясат және құқық, Экономика, Әлеумет және білім, Мәдениет және руханият, Әдебиет пен өнер, Интернет-редакция сияқты бөлімдерге бөлінген. Талай өзгерістер мен, тоқыраулардан мүдірмей өткенінің нәтижесінде газет бүгінде республикалық беделді газеттердің біріне айналды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жкрналистика факультетінің 
1 курс студенті :Спандияр Балнұр Әбдуәліқызы 
Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С. Жақсылықбаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз