Өлең, жыр, ақындар

Әлемдік діндер және толеранттылық

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия және саясаттану факультеті
Дінтану мамадығының 4 курс студенті
Нусипбек Анеля Медетқызы
Жетекші оқытушы:Тунгатова Улжан

Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама этностармен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. Берекелі бірлігі, тату тірлігі бар елімізде 130-дан астам әртүрлі этностар мен 18 конфессия өкілдері өзара бейбітшілікте,  сыйластықта, достық пен ынтымақтастықта өмір сүруде. Еліміз әрбір адамның сенім бостандығы құқығын құрметтейтін демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады. Және азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы. Қазақстан халықтыңрухани мұрасымен үйлесетін діндердің мәдени және тарихи құндылығын құрметтейді. Соның ішінде төл тарихымыз бен ұлттық дәстүрімізге бітісе қайнаған ислам дінінің рөлі ерекше.

Әлемдік діндердің қайсысы болмасын кез келген дінге, ұлтқа толеранттылық танытуды насихаттайды.Миллиардтаған ұстанушылары бар ислам діні мен христиан діні сан ғасырлар бойы көптеген ел халықтарының сенім негіздері бола отырып, бейбіт тұрғыда бір тудың астында ғұмыр кешіп келеді. Себебі діндердің қайнаркөзі болған Інжіл де Құран да діни еркіндікке ерекше маңыз береді. Ал буддизм дінінің негізгі идеологияларының бірі де осы толеранттылық ұғымы.

Қай дінді алып қарасақ та мейірімділік пен шыдамдылыққа, өзгелерге көркем қарым-қатынас жасауға шақырады. Әсіресе осы діндердің ішіндегі қазақ халқының тамырына бойлаған ислам діні жайында сөз қозғайық.

Ислам - әрқашан адамзатқа мейірімділіктің үлгісіболғанын, тіпті басқа дін өкілдеріне деген құрмет пен төзімділікке қатысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Және ислам барлық діндерді құрметтеумен ғана шектелмейді, сонымен бірге осы діндердің өкілдерімен бейбіт өмір сүруге және жанжалдар мен әртүрлі дұшпандық қатынастарды тоқтатуға үндейді. Құран аяттарының көп бөлігінде мұсылмандарды бейбіт болуға және басқа конфессияларға төзімді болуға шақырады. Соңғы пайғамбардың өмір тарихында өзге дін өкілдеріне құрмет көрсетіп, сыйластық танытқан оқиғалар көп болған. Бір кездері Эфиопиядан келген христиан дін өкілдерін мешітіне шақырып, қонақжайлық көрсетіп, сыйластық танытқан жағдай мысал бола алады.

Сонымен қатар толеранттылықтағы ең маңызды мәселе – этникалық бөлініс.  Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың сенімді достары ретінде танылған – сахабалары ішінен Сальман әл-Фарси парсы, Билал әл-Хабаши  және Сухайб Руми римдік болған. Исламда барлық ұлттар мен халықтар тең құқылы. Оған дәлел Құранның Хужурат сүресінің 13-ші аятында: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» деп келеді. Демек, адамзат баласы қандай ұлтқа немесе дінге бөлінсе де өзгенің таңдауы мен пікіріне толерантты түрде қарауы керек.  

Тағы бір дәйек ретінде исламдағы танымал тұлғалардың бірі Омар ибн Абдулазиздің тарих растайтын оқиғасын сөз етуге болады. Омар ибн Абдулазиздің кезінде Сирия астанасы Дамаскіде бір мешітті кеңейту туралы шешім қабылданды. Бұрынғы халифа оны кеңейту үшін мешіт маңындағы христиан шіркеуі жерінің бір бөлігін қосу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл шешім бойынша мұсылмандар шіркеуді қиратып, мешітті кеңейтуге жиналды. Содан кейін христиандар Омар ибн Абдулазизге мұсылмандар шіркеуінің бір бөлігін қиратып, мешітке қосқысы келетіні туралы шағым хат жазды. Омар ибн Абдулазиз жауап хат жазып, онда ол таңдалған жердің бір бөлігін қайтарып алуға және қираған жерді қайта салуға бұйрық берді. Кейбір Дамаск ғалымдары оның бұл әрекетін ұнатпады. Олардың өкілдері шешімінің күшін жоюды сұрапкелді. Сол кезде Омар ибн Абдулазиз: «Сіздердің келгендеріңіз жақсы болды. Мен шешімге бір нәрсе қосудыұмытыппын. Сіздер маған бұл туралы еске түсіруіме себепші болдыңыздар. Мен жерді қайтару күнін жазуды ұмытып кеттіппін» дейді. Осыны айта отырып, ол өз шешімін қайта жазып, мақұлдаған. Осылай Исламда толеранттылық ұғымы осындай әділ басқарушылардың әділеттілігімен қуатталып, тарих бетінде қалған.

Өкінішке орай, бүгінде біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі қайғылы оқиғалардың куәсі болып отырмыз. Қазіргі таңдағы соғыс болып жатқан аймақтардағы діни, ұлттық және басқа да әлеуметтік-саяси факторларға негізделген қарулы қақтығыстардан сан мыңдаған адам қаза тауып, тұрғындар үйлерінен қашуға мәжбүр болып жатыр. Осының аясында көптеген өзге сенімдегі халықтар жапа шегуде.Әсіресе Таяу Шығыс аймақтарындағы соқтығыстарда діни проблемалар әлі күнге дейін өршіп, діни сенім бостандығы мен толеранттылық ұғымы өте актуалды мәселе болып отыр.

Исламда «толерант» сөзі «қайырымды», «жомарт» және «әртүрлі діндердегі адамдардың әртүрлі көзқарастары мен нанымдарын құрметтеу» дегенді білдіреді. Біздің ата-бабаларымыздың құндылығымызға айналған дәстүрлі исламға деген ерекше құрметі -  жерімізде мекен еткен әртүрлі діни нанымдағы этностарға төзімділікпен қарауды үйретті. Еліміздегі дәстүрлі әрі мәдени ағартушылыққа бай діндеріміз, тек этносаралық келісім мен діни төзімділікке ғана емес, сонымен қатар дінге, сенімге, мейірімділікке, отбасына, бала тәрбиесіне, ізгілікке, жомарттыққа және ар-намыс маңыздылығы мен патриоттыққа тәрбиелейді.

www.kaznu.kz 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз