Өлең, жыр, ақындар

Сасық емес,ашық әңгіме

Сасық емес, ашық әңгіме!

Мектептегі білім жүйесіне көп өзгеріс керек. Оқулықтан бастап оқытушыға дейін. Өйткені, әр адам үшін ғылым-білімнің алғашқы баспалдағы, адам және маман боп қалыптасудағы фундамент - мектеп. Балықтың басынан шіритіні де осы жер. Демек, бастапқы бағыт түзу болуы қажет. Иә, бұл, әркімнің ауызында әбден тозығы жетіп, жыртығына жамау таппай жүрген мәселе. Десе де, айтылмаса сөздің атасы өледі деген де бар. 

Мынадан бастайық. “Құқық, дінтану, алғашқы әскери дайындық, өзін-өзі тану, сауат ашу, бизнес негіздері, Абайтану”, т.с.с. пәндер. Әр жерден әртүрлі адамнан сұрадым. Жауап ұқсас болды: құқық пен дінтанудан - тарих мұғалімі, өзін-өзі танудан - музыка мұғалімі, алғашқы әскери дайындықтан - денешынықтыру мұғалімі, бизнестен - психолог сынды мамандар сабақ береді. Енді, байланыс қай жерде? Бүкіл шикілік осыдан шығып тұр. “Халық заң білмейді, құқығы жиі тапталады, біреуге алданады, бірдеңеге білмей ұрынады” дегенді жиі естиміз. Құқығын мектепте үйрететін адам тарихшы болған соң, қайдан білсін правасын? Заңды білетін, заңгерлікке қатысы бар, “құқық” дегенді толық меңгерген адам сабақ үйретуі керек. Сонда ғана, сабақты түсінбей қалса қайта сұраудан қысылмайтын, шторға тиын-тебен жинамайтын, мұғалімнен баға алу үшін ақша бермейтін адамдар қалыптасады. Дінтануың да сол. Діннің не екенін білмейтін адам “біреуді діндар қылам” деуге қалай ұяты барады? Сауат ашудан сабақ үйрететін адамның өзі барып тұрған сауатсыз. Информатикада балалар мұғаліммен бірге 40 минут ойын ойнайтыны өтірік емес. Ал, бизнес негіздерінде, балалар “қаржылай сауаттылықты” меңгеруге тиіс! Бұл - әрбір пәннен сабақ үйрететін мамандарға қойылатын талап. Егер біреу “адам оқытам” десе, ісінің білгірі болуға міндетті! Үйрете алмаса - адамдығына да, мамандығына да сын!

Адам дегеннен шығады. Маман тәрбиелеуден маңызды нәрсе - адам тәрбиелеу. Әрі күрделі, әрі маңызды. Оған ой айталық: он оқушыға сабақ үйрететін ағылшын тілі мұғалімі. Ағылшынның 26 әрпін жатқа біледі, ережеге келгенде сайрайды, комиссиядан өткен, сұрақ келсе мүдірмей, еркін жауап бере алады. Демек - мамандығына мін жоқ! Ал, адамдығы ше? Әлгі он баланың үшеуі сабақ оқып, үшеуі орташа күйде, қалғаны тіпті оқымаса - бұл мұғалімді мазаламайды. “Білмеген білсе екен” деп әуреленбейді де. Әйтеу сабақтан қалмаса, мазасын алмаса болғаны. “Сүйікті оқушым” деп бөліп-жаратынын қайтесің. Айлығы жүріп тұр, арыз-шағым жоқ. Бұл - мамандығы бар, адамдығы жоқ кейіп! Көп мысалдың біреуі ғана.

“40 жыл ұстаз болсаң да 40 минуттық сабағыңа мұқият дайындал” дейді. Жүк арқалаған адам жүкті салмағына емес, шамасына қарай көтереді. Сондықтан “бала оқыту” деген ауыр да азапты, абыройлы да маңызды жүкті арқалаған адам әлін біліуі керек. Әйтпесе, не ұят болады, не көптің “обалына” қалады. Біздегі білім мен адамдық деңгейінің өспейтіні де осыдан!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз