Өлең, жыр, ақындар

Өмір мағынасын адамның іздеуі мен таратуға ұмтылуы, психосинтездегі тұлға даму мәселесі

ХХІ ғасырдағы «Жаңа Қазақстанның» бет-бейнесі, мақтанышы — білімді, бәсекеге қабілетті, кез келген іске тәуекелшіл, жасампаз жастар. Осындай жастарды тұлға етіп шығаруда жоғары оқу орындарының үлесі зор десек, қате айтпағанымыз. Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында білім сапасының көрсеткіші бойынша көш бастап тұрған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін ерекше айтып өтуімізге болады. Әдебиеттанушы З. Қабдолов: «ҚазҰУ — өз ішінен бөлініп шыққан көп институттар секілді отау емес, орда», - демекші бұл білім ордасында көпсалалы мамандықтарды оқытып шығарумен қатар, кез келген факультет студенттерінде барлық сала бойынша базалық білім болу мақсатында бірнеше пәнді тереңдетіп оқытады.

Адам, тұлға психологиясы кімге болмасын қызық. Басқару жүйесіндегі темперамент мәселесі, ұйымдағы келіспеушіліктер, тұлға аралық және ұйымдағы қарым қатынасты түсіну, лидерлік және мотивация туралы оқу орнымызда Жубаназарова Назираш Сүлейменқызының жетекшілігімен «Басқару психологиясы» пәнін оқудамыз. Жубаназарова Назираш Сүлейменқызының көшбасышылығымен өтетін бұл пән арқылы келешектегі жұмыс орнымызда яки ұйым арасында болатын түрлі проблемалардың алдын алу мен шешу жолдарын үйреніп жатырмыз. Тек басқару психологиясын ғана емес, бұл саланы логотерапиямен байланыстырып, психосинтездегі тұлғаның өмір мағынасын іздеуі мен таратуға ұмтылу туралы да семинар сабағын өтіп, бірақ ақпар алдық.

Адам психологиясын зерттеу ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, яғни екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тереңінен зерттеле бастады. Сол кездегі психология, психоаналитиканың негізін салған А. Адлер, З. Фрейд, В. Франклдың мектептері күні бүгінге дейін  кеңінен таралып, оқытылып келеді. Біздің дәріс пен семинар сабағымыз да осы психологтардың еңбектерінің негізінде өтті.

Тұлғаның өмірден мән іздеуін жақсылықпен байланыстырған Виктор Франкл өмірдің мағынасын «адамның ұлтқа, нәсілге, жынысқа, жасқа бөлінбей жақсылық жасауы» деп түсіндірген болатын. Франкл өмірдің мәнін іздеудің үш жолын көрсетеді: біріншісі, өмірде із қалдыру, жетістікке жету. Мұндайда өмірдің мәнін жұмыстан табады. Мәселен, ғалымдар өмірдің мәнін таңдаған тақырыбын зерттеп, жаңалық ашудан іздесе, спортшылар өмірдің мәнін чемпион болғаннан көреді. Екіншісі, мәнді қарым-қатынас. Сүйген адамның, жақсы көретін жандардың болуы да өмір мәнін тауып береді. Үшіншісі, жан қиналысы мен азаптануды жеңіске, яғни трагедияны триумфқа айналдыру. Егер ішкі ұстаным, ниет дұрыс болса, ауыру мен азаптың өзін жетістікке айналдыра аласың. Сол себепті автор зардап шегуді өмірден мән табу мүмкіндігі ретінде қарастырады. «Мән табудың әдеттегі қарапайым жолдары жабық болса да, адамдар оны бәрібір тауқымет тартып жүріп те таба алады. Олардың мұндай ұмтылысына батылдық пен табандылық және мораль көмектеседі. Әйтпесе олар жануарлардан еш айырмасыз тіршілік кешер еді. Біз қанша қаламасақ та адам баласы бейнет пен өлімнен құтыла алмайды. Өйткені онсыз толыққанды өмір жоқ» деген пікір айтады. Экзистенциалист ғалымның бұл пікірі ұлы ойшыл Сократтың  «материалдық игіліктерге жету үшін емес, жақсылық жасау және жақсарту» деген ойымен астасса, грек философы Аристотель «адамның өмірдің мәні мағынасын жүзеге асыру үшін бақыт сезімін білдіреді» деген болатын. Ал Конфуций өмірдің мәні - махаббат деп санаған. Ол: "Махаббат — өмірдің әрі басы, әрі аяғы. Махаббатсыз өмір жоқ. Саналы адамның мойындайтыны да — тек махаббат", - деп жазған. Ойшыл өзіңізді алдамауға, мақсатқа апарар жолда тоқтамауға, махаббат жайлы ұмытпауға кеңес берген.

Қазақ зерттеулеріндегі тұлға, адам табиғатының зерттелуі сана мәселесі Әл-Фарабиден бастау алды. Әл-Фарабидің шығармалары философиялық тұжырымдарға, адам табиғаты туралы зерттеген ақпараттарға толы. Кейін әл-Фарабидің философиясын жалғастырған - Абай. Абайдың қарасөздеріндегі ойы арқылы әл-Фарабидің пікірімен ұқсас екенін байқауға болады. (Адамның анадан екі түрлі кейіпте тууы, ақыл, қайрат, жүрек туралы пікірлері, жалқаулық туралы айтылған сөздері т.б. ұқсастық көп). Еңбектерінде моральдық өсиеттен көрі, “Жан деген не?”, “Рух деген не?” деген сияқты онтологиялық талдаулары көп — Шәкәрім. Абайдың мектебінен шыққан Шәкәрімді экзистенциямен айналысқан қазақтағы алғашқы ғалым деп толық атауға болады.  Шәкәрім шығармаларында адам табиғатын алғаш үшке бөлді: Тән, көңіл, рух. Бұған мысал ретінде ақынның мына өлеңін келітрсек болады:

Басында жан мен дене екі басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыр сықылды-жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа.

Тек жақсылық жасап, өмірдің мәнін табуда адамның жеке тұлға болуы керек. Мұндай тұлғалық дамуға жету үшін әл-Фараби һәм Абай айтпақщы, адамның физикалық, моральды, рухани қабаттарын бір дәрежеде дамуы аса маңызды. Сабақ барысында Жубаназарова Назираш Сүлейменқызы осындай құнды да маңызды ақпараттарды бөлісті.

Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.

Туркбенбаева М. Ж.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 1-курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз