Өлең, жыр, ақындар

Әл-Фараби мұрасындағы ізгі адам, қайырымды қоғам және заманауи этика

2023 жылы  24 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қабырғасында http://www.kaznu.kz Иран Ислам Республикасының Ғылым министрлігінің мәдениеттану және қоғамтану ғылыми-зерттеу институтының Иран Ислам Республикасының мәдениет ұйымы мен Бас консулдығының қолдауымен «Әл-Фараби мұрасындағы ізгі адам, қайырымды қоғам және заманауи этика» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Конференция ашылу рәсімінде философия және саясаттану факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Бекжан Меиірбаев құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға ресми сапары барысында бекітілген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ислам Республикасы мәдениет министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасының міндеттеріне тоқталды.

Олардың бірі – екі ел ғалымдарының фарабитану саласындағы бірлескен жұмысы. Осы қызмет аясында Әл-Фараби кітапханасының каталогын қазақ және парсы тілдерінде дайындап, басып шығару бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар, Әл-Фараби орталығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған «Әл-Фараби мұрасындағы ізгі адам және түркі ғалымдары: компаративистік дискурс» және «Әбу Насыр Әл-Фараби іліміндегі тіл философиясы және философия тілі» ғылыми жобалары бойынша гранттық қаржыландыруға байқау өткізеді.

Конференцияда сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Бас консулы Фагани Мухсин сөз сөйлеп, ҚазҰУ басшылығы тарапынан көрсетілген қолдауға, жылы қабылдағаны үшін алғысын білдірді. «Ұлы ойшыл Әл-Фараби Иранда жоғары құрметке ие. Өткен жылы Ислам Республикасы мен Қазақстан көшбасшыларының кездесуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың құндылығын атап өтіп, бірлескен Ғылыми комитет құруды ұсынды. Бұл бастама екі елдің жоғары лауазымды тұлғаларының қолдауына ие болды, аталған комитет құрылды, Фарабидің тұлғасы мен ғылыми еңбектерінің терең аспектілерін зерделеуге және дамытуға арналған бірнеше бағдарлама талданып, бекітілді», – деп атап өтті Фагани мырза.

Келесі кезекте пленарлық басқосуда Иран ғылым академиясының мүшесі, Иран философиясы қауымдастығының президенті Шахид Бехешти университетінің профессоры Авани Гуламреза, мәдени, әлеуметтік және өркениеттік зерттеулер институтының басшысы, гуманитарлық ғылымдар және мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының қауымдастырылған профессоры Голами Реза, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ықтияр Палтөре және т.б. баяндама жасап, сөз сөйледі

Пленарлық мәжіліс кезінде құрметті қонақ, Иран философиясы қауымдастығының президенті, Шахид Бахшти университетінің профессоры Авани Гуламреза мырзаны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапаттау рәсімі өтті

Конференция секциялық отырыстар аясында жалғасты, онда ғалымдар мен танымал сарапшылар қазіргі фарабитанудың өзекті мәселелерін талқылады.

«8D03102 - Мәдениеттану» мамандығының 2 курс докторанты Сариева П.М.

Ғылыми жетекші: ф.ғ.д., профессор Абишева А.К.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті http://www.kaznu.kz 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз