Өлең, жыр, ақындар

Медианың қауіп-қатері қандай?

Ақпарат таратудың жолдары қаншалықты көбейсе, таралған ақпараттан келетін қауіп-қатер де арта түсуде. Жаңалықтың құпиялылығына қарай жасырын ұстау немесе сақтау қиындайды. Ақпаратты сақтайтын базаларға түрлі хакерлер тарапынан шабуыл жасалып жатады. Ал жария болған мәліметтің өзі қауіп төндіретінін ескерсек, мәселе мүлде бөлек. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегендей, журналистің бір ғана жазбасы бүтіндей бір қоғамға зиянын тигізуі мүмкін. Заман талаптары күн өткен сайын күшеюде, өзге елде болып жатқан жағдайлар келесі бір ел үшін маңызды болды. Сол себептен «ақпарат соғысы» деген сөзді де жиі қолданатын болдық.

Қаламдарын оқтап отырған журналистер психологиялық тұрғыдан шабуыл жасауға әрдайым сақадай сай жүреді. Ресей мен Украина арасындағы жағдайды алсақ, соғыс барысын үздіксіз жариялау арқылы екі елдің журналистері бір-бірінің сағын сындыруға тырысады. Қару-жарақ пен әскер санын немесе ауыр шығындарды жариялап, халыққа бірде жігер берсе, бірде өзге елдерден қолдау тауып қарсыласының қаталдығын талқылап жатады. Сонымен қатар, танымал тұлғаның жасаған қателігін жарыса жазамын деп жазатайым оқиғаның себепкері болып жататын ақпараттарды да кездестіріп жүрміз.

Оңтүстік Корея мемлекетінде шамамен жылына 2-3 танымал тұлға кибер-булингтің салдарынан өз мансаптарын немесе өмірлерін тоқтатады. Әлеуметтік желі арқылы жасалатын бұл қылмысқа қатысты түрлі шаралар қолданылуда. Дегенмен «Әлемде сенен асқан жаман адам жоқ, ешқашан кешірілмейтін қателік жасадың» деген сөздер айтудан жалықпайтындар азаяр емес. Мұндай жағдайлар сары жағалы басылымдарда көптеп кездеседі. Саяси оқиға болған жағдайда халықтың назарын аударатын құрал ретінде де пайдаланылады. 

Мәселені қаншалықты жиі талқыласақ, шешімене қарағанда болған оқиғаның қайталануы көбейеді. Адам өте еліктегіш, қызыққұмар болғандықтан көргенін жасауға әрқашан дайын. Мысалға суицид жасауға қатысты жаңалықтар айтылған сайын өмірлерін қиятындардың саны көбеюде, тіпті өз-өзіне қол жұмсау орнына айналып кеткен жерлер де бар. Белгілі бір қылмыс орын алғаны жайында ақарат тарағанынан кейін сол оқиғаға ұқсас қылмыстың қайта болғанын журналистер де жиі байқайды екен. Бұл дегеніміз қайғылы оқиғаларды мүлдем хабарлауға болмайды дегенім емес. Тек оқиғаның жай-жапсарын толық жазбай, қандай қару мен қалай қылмыс жасағанын мәлімдемей жазса деп ойлаймын. Сол кезде халық қылмыстың құрбаны болудан сақтанар еді.

Журналистің мақаласын «жәй әңгіме»деп қарауға болмайды. Арандату, қоғам мен жеке тұлғаға қауіп, моральдық зиян келтіру, іріткі салу мақсатында бір елге қауіп төндіру мол қаражатты талап етпейтін қару түріне айналғаны өкінішті. Осы үшін әр журналист өз мақсатын нақты біліп, қауіпсіз елдің маманы болуға асығуы керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз