Өлең, жыр, ақындар

Білімді ұрпақ...

     Білімді ұрпақ — болашаққа бастар жол. Иә, бұл сөздің түпкі мән-мағынасын ашып, кеңінен түсіндірмесек те жас ұрпаққа тікелей қатысты дүние. Себебі еліміздің биіктерден көрініп жоғары өрлеуі осы келешек жастардың қолында. Ал өскелең жас ұрпақты жастайынан оқуға баулып, оларды дұрыс әрі таза жолға бағыт-бағдар беру әрбір үлкен буынның қазіргі міндеті. «Тәрбие — тал бесіктен басталады», — демекші болашақ ұрпақтың нағыз білімді, саналы, сондай-ақ өз еліне деген сүйіспеншілігінің жоғары болуына себепкер ол балалық шағынан алған тәрбиесіне тікелей байланысты.                                              

     Болашақ — жастардың қолында. Әрбір жас буын мектеп қабырғасында білім алған шағынан бастап бұл сөзді өздеріне ант етіп қабылдауы керек. Өйткені алдағы күндері мен болашағының жарқын болуын ойлап, өзіне артылған зор үмітті сезінуі тиіс. Өз болашағымен қатар елінің гүлденуі мен көркеюі, үлкен дәрежеге жетіп өрлеуі жайында да саналы түрде өз жауапкершілігіне алып, болашағынан үміт күттірер азамат болып өсуі осы жастарға парыз болмақ.

     Болашақ мемлекетіміз бен жас ұрпақтың арасындағы байланыс өте зор. Әрбір халықтың жоғарыға өрлеуі мен дамуы әр халықтың өз жастарына тәуелді екені анық. Егер де бүгінгі жастар өз халқының сана-сезімімен, рухымен, тәрбиесімен өспесе, онда сол елдің кемел келешегі бұлыңғыр болмақ. Өйткені ұлт мұрасы, ұлт қазынасы осы жас ұрпаққа мол мұра болып аманат етіліп сақталуы тиіс.

     Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өз жолдауларының бірінде айтқандай: «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болуы керек». Нағыз өз елі үшін жаралған, оның гүлденуі мен жоғарыдан көрінуіне бар ықыласымен берілген, бойына ғылым мен білімді жиған ұрпақтың бейнесі дәл осы елбасымыз атап кеткендей қасиеттерден болуы тиіс. Себебі бұл да жас ұрпақ үшін үлкен парыз, мол жауапкершілік болып саналады.

     Қорыта айтқанда жастар — еліміздің нағыз іргесі биік болашағы. Ал сол жастардың болашағы өз Отанымыздың ертеңгі тағдырымен тығыз байланысты. Сол себепті біз, жастар, жұдырықтай жұмылып еліміздің әрбір өркендеуі мен дамуы жолындағы қызметте бірлесе ат салысқанымыз еліміз үшін де, өзіміз үшін де үлкен жетістік болмақ дегім келеді.

Амангелді Зейнеп Бейбітқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз