Эссе және өлең-жыр байқауы

Сазайын тартқан түлкі

Ылғи да зәбір көре берген соң, орманның бір серісі еді ғой деп, бір топ тауық аюға арыз айта барады да түлкінің зорлығын баяндайды.

– О, аю қария, – депті, жалаң тәжісі желбіреген қораз тауықтар атынан сөйлеп. – Залым түлкі бізге күн көрсететін емес. Одан басқа бізге ешкім де тиіспейді. Сұм түлкі ұрланып келеді де түн ішінде қырып кетеді.

Аю арыз айтқан тауықтарға тесірейе қарап тұрып:

–Түлкі ме? – деп, қайталап сұрайды. Қораз құлшына растайды.

– Иә, түлкі сұм!

Аю сол арада түлкіні шақыртып алады. Қарсы алдына жылмаңдап тұрған түлкіні:

– Сен тауықтарды неге азапқа салып жүрсің? – деп тергей бастайды.

Аюдың түсі суып кеткен екен. Өзіне бір пәленің жабысқанын іші сезген түлкі құйрығын бұлғаңдата мәймөңкелеп:

– Аюжан-ау, менің ойлағаным сенің қамың ғой, жамбасыңа тас батпасын деп, тауықтардың жүнінен саған мамық төсек пен мамық жастық әзірлеп жүрмін, – деп, қолтығына қыса келген бір мамық жастықты аюдың шынтағына төсей қояды. Аюдың қабағы жадырай бастағанын байқап, тауықтардың өзін сөге жөнеледі:

– Бұлар мұндайды ойлаушы ма еді? Мені жамандап, арыз айтқанды ғана біледі.

Бұдан кейін тауықтар дау айта алмай, үнсіз жер шұқып қалады. Аю мамық жастыққа шынтақтай жатқан күйде тауықтарға немқұрайды назар салады.

– Сендер жала жауып жүр екенсіңдер. Бара беріңдер! Ендігәрі біреуді жамандап, менің алдыма арыз айтып келуші болмаңдар! – деп, тауықтарды қуып тастапты.

Соры қайнаған тауықтар енді «қайсар еді ғой, зарымызды ұғар» деп, қасқырға барып, түлкінің үстінен шағым жасайды.

– Қасеке, – дейді, тауықтар жабыла шулап, – арызымызды тыңдашы.

– Қане, айтыңдар, – депті қасқыр ықыласпен.

Сонан соң әлгі қораз сөз бастайды:

– Түлкі сұм бізге күн көрсетпейтін болды. Сондықтан сенен көмек сұрап кеп тұрмын.

Тауықтардың мұңына елтіген қасқыр қаһарға мініп, түлкіні шақыртып алады да:

– Сен мына тауықтарды неге жәбірлейсің? – деп, ашу шақырады.

– О, қасеке, босқа кіжінбеңіз, – дейді, сонда түлкі жыпылдап. – Менің ойлағаным, сенің қамың ғой. Жамбасыңа сыз өтпесін деп, мамықтан жастық жасап едім.

Осыны айтады да бір жастықты қасқырдың жамбасына төсей салады. Жұп-жұмсақ жастыққа отыра кеткен қасқыр:

– Ой, мынауың табылған ақыл екен-ей, – деп қуанады. Сонда:

– Мына шақша бас, қушық шеке қулар мұндай істі ойлаушы ма еді, – деп, түлкі тауықтарға ожырая қарайды.

Қасқыр мамық жастықтың үстіне отырып, тауықтарға зіркілдей жөнеледі:

– Нақақ біреудің үстінен арыз айтасыңдар, ә! Құртыңдар көздеріңді, шибұт ақымақтар! Түлкі нені болса да ақылмен істейді. Бұдан былай арыз айтатын болсаңдар, жіліншіктеріңді шағамын!

Арыздары өтпеген тауықтар қасірет шегіп, қатты мұңға батыпты. Енді не амал жасаймыз деп ойлап, түнімен ұйқы көрмепті.

Ертеңіне алаңғасарға жол бермейтін әділ еді ғой деп, төбетке арыз айта барыпты.

Төбет тауықтардың  мұңын тыңдап болған соң:

– Мен анықтайын, – деп, түлкіні іздеуге қамданады. Даланы кезіп, іздеп жүріп, түлкіні тауып алады да тексере бастайды. Сонда түлкі:

– Ой, сырттаным-ау, мен сенің қамыңды ойлап жүр емеспін бе? – дейді. Бұған  төбет таңдана қалады:

– Қалайша менің қамымды сен ойлайсың?

– Сен қашан келсем, қораның шетінде тұмсығыңды шабыңа тығып, бүктелесің де жатасың. Сондықтан жамбасыңа тас батпасын, астыңнан сыз өтпесін деп едім, – деп, түлкі бір мамық жастықты ұсына береді. Төбет түлкінің қулығын сезе қояды.

– Ә, мені осымен алдамақсың ба? – деп, ақырады да жастыққа қарамастан, өзінің серіктеріне:

 – Қане, менің адал серіктерім, – депті, танадай көк төбет пен ақ төс итке. – Мына сұмды адам аяғы баспайтын айдалаға қуып тастаңдар. Әйтпесе, тауықтың етін өзі жеп, мамықтарынан жастық жасап, тағы да біреулерге жағынып жүрер.

Екі ит түлкінің екі жағына шығып алып, қаумалай қуады да шөл далаға айдап тастайды.

Содан былай түлкі иттің даусы естілген жерге маңайламай, шөл кезіп, аулақ жүреді екен.

Төбеттің өздеріне көрсеткен әділ қамқорлығының арқасында тауықтар түлкінің азабынан құтылыпты. Сөйтіп, бейқам өмір сүріп, жұмыртқа салып, балапан шығарып, өсіп-өне беріпті. Төбеттің маңынан кетпепті.

Төбет күні бүгінге дейін тауықтарды түлкінің, қасқырдың және басқа жыртқыштардың жәбірлеуіне жол бермей, мейіріммен қорғап келеді екен. Аулада тауықтар шұбырып жүрсе де иттердің тимейтіні содан деседі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Ғайни Нағашбек

Өте қызық ертегі

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...