Өлең, жыр, ақындар

Неліктен қазақ жасөспірімдеріне қазақ киносынан гөрі корейлік кинолар өтімдірек?

Кино, фильм және сериалдар тек қазақ емес барша жасөспірімдердің өмірлерінің бір бөлігіне айналып кеткені жасырын емес. Жастар қауымынан: «Бос уақытыңда қандай іспен айналысасың?» деп сұрайтын болсаң - кино не сериал қараймын -, деген жауап қатады.

Неліктен дер болсақ, жасөспірімдік шақ барша адамзаттың өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Жаман мен жақсыны, ақ пен қараны ажырата алатын, өзіне-өзі жауапкершілік алып, жеке-дара тұлға ретінде қалыптасу барысында жастардың таңдаулары өзгеріп, ішкі жан дүниесінде неше түрлі сезімдерді сезініп, қандай да бір ойға тоқтала алмай, жан-жақтан қолдау күтетін сәттерде дәл осы корейлік кинолар демеу болып жатады. Бір сөзбен айтқанда ата-анасынан, дос-жарандарынан сезінбеген қолдауды кинолардан іздей бастайды. 

Осы кезде неліктен сол қоладауды қазақ туындаларынан ала алмайды деген ой оралады. Ойланып қарасақ, қазақ киносы әлі күнге даму үстінде әрі дамуды қажет етуде. Қарап тұрсақ қазақ киноларының көпшілігі "келін мен ене арасындағы" немесе "отбасындағы әлеуметтік мәселелерге" арналаған. Әрине, жастар қауымына бұл тақырыптар қызық емес. 

Ал корейлік киноиндустрияда «дорама» деген ұғым бар. Дорама - корейлік қысқа телесериалдар. Бұл телесериалдарда комедия, детектив, шын-шытырман, фантастикалық және тағы да басқа көптеген жанрларда әлемдік, өмірлік мәселелер қозғалып түсіріледі. Дорамалар тек қазақ немесе корейлік жеткіншектер араларында ғана емес, дүниежүзі жасөспірімдер арасында да сұранысқа ие. Себебі, жастар арасында болатын түсінбеушілік, махаббат, достық, мақсатқа ұмтылу сияқты маза бермейтін тақырыптар көркем түрде жеткізіледі. 

Мәселен: «Табиғи сұлулық» (Истинная красота) атты дораманы алуға болады. Бұл корей телесериалында жасөспрімдік кезеңде болатын тері ауруларға (безеулерге) қарамай адам өзін-өзі жақсы көру керетігі суреттеледі. Өскелең ұрпақ арасында өте жиі болатын мәселе көтеріліп, аралығында шын-шытырман оқиғалармен өрбіп, кино соңында дұрыс шешімі көрсетіледі. Сондай-ақ, мәселесі бар ұлдар мен қыздарға өзіне деген сенімділік сезімін тудыртып, жебеу бола алды. 

Қорыта келе айтар болсам, киноның қазіргі заманда тәрбиелік атрибуттардың бірі екенін білеміз. Сол себепті де қазақ киносына осындай ер жетіп келе жатқан жастар қауымының таңдауына сай келетін кинолар саласына барынша назар аударған дұрыс деп санаймын. 

Кеңесбек Аружан Нұржанқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті, Кино және Медиа мамандығының 1-курс студентті;

Жетекшісі: аға-оқытушы, куратор Н.Б. Рушанова


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз