Өлең, жыр, ақындар

Ғылыми танымдағы ақиқат мәселесі

"Ақиқат" ұғымы дүниетаным жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі болып табылады.  Ол "әділеттілік", "адалдық", "өмірдің мәні" сияқты ұғымдармен қатар жүреді. Адамның өмірлік ұстанымы да  ақиқаттың  қалай түсіндірілетініне, оған қол жеткізуге болатындығына байланысты болып келеді. Ал, философияда "ақиқат" ұғымы заттарды, құбылыстарды сипаттау үшін емес, осы заттар мен құбылыстар туралы білімді сипаттау үшін қолданылады. «Қоғамдық білім негіздері» атты еңбекте:«Ақиқат – білімнің пәніне, нағыздылығына сәйкестігі» деп көрсетіледі.   Бұдан шығатын түйін: ақиқат- біліммен тұтасып жатуы тиіс.

Ақиқатты түсіну үшін, оның негізгі қасиеттері мен белгілерін айқындап алу керек. Ақиқаттың объективтілігі мен субъективтілігіне назар аудару керек. Ақиқат тұжырымның оң немесе теріске шығарудың формасы, оларды білдіру тәсілі әрқашан адамға байланысты. Бұл  формада  ақиқат субъективті болып табылады.  Шынайы білімнің мазмұны адамдардың субъективті қалауымен емес, объективті ақиқатпен анықталады. Яғни, ақиқат мәселесі әрқашан адамның талғамы мен қалауына, жалпы адамның санасына тәуелсіз объективті ақиқатпен тығыз байланысты.  Бұл тұрғыда ақиқат объективті. «Ақиқат – субъективтілік пен объективтіліктің бірлігі», яғни ақиқатқа субъект пен объектінің қарама-қайшы өзара әрекеттесуі арқылы қол жеткізіледі. Сондықтан танымдық процестің нәтижесі субъектінің де, объектінің де әсерін қамтиды.

Ақиқатты біртіндеп нақтылау және тереңдету процесін сипаттау, оның объективті мазмұнын қанықтыру үшін абсолютті және салыстырмалы ақиқат ұғымдары енгізілген. Нақты танымда абсолютті ақиқатқа апаратын жол бір-бірін нақтылайтын салыстырмалы ақиқат  арқылы жүзеге асады.

Абсолютті ақиқат – күмән келтіруге болмайтын дәлелді ақиқат. Мысалы, Мұқағали Мақатаев 1931-1976 жылдары өмір сүрген, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» атты трилогиясы бар. Ал, мәңгілік ақиқатқа ешқашан теріске шығарылмайтын ақиқатты жатқызамыз.

Ғалымдардың көпшілігі абсолютті ақиқатқа жетуге тырысады және идеал санайды. Бірақ, ғылымда көбіне салыстырмалы ақиқат кездеседі. Салыстырмалы ақиқат-ақиқаттың салыстырмалы түрдегі дәл көрінісі. Бұл шындыққа едәуір сәйкес келгенімен, толыққанды ақиқат болып есептелмейді. Әрі қарай нақтылауды және тереңірек зерттеуді қажет етеді.

Ғылым заңдарында ақиқаттар салыстырмалы, өйткені біз олардың әрекетін біздің танымымызға қол жетімді ғаламның аймағында ғана тексере аламыз. Адам танымы-бұл неғұрлым толық білімді жинақтаудың үздіксіз процесі, салыстырмалы шындықты абсолютті ақиқатқа айналдыру процесі.

Абсолютті білімге қол жеткізу мәселесін талқылауды аяқтай отырып, жалпы әлем туралы абсолютті шындық адамзат ұмтылатын шек пен идеал ретінде ғана бар екенін атап өтеміз. Шындыққа жету жолдары туралы мәселе оның өлшемдері туралы сұрақпен тығыз байланысты. Қол жеткізілген білімнің ақиқатын немесе жалғандығын дәлелдеу үшін ақиқаттың критерийі болуы керек. Ақиқат критерийі әдетте белгілі бір стандартты немесе оны тексеру әдісін білдіреді. Ақиқат өлшемі бір уақытта екі шартты қанағаттандыруы керек. Біріншіден, ол тексерілетін білімнен тәуелсіз болуы керек; екіншіден, оны растау немесе жоққа шығару үшін ол қандай да бір жолмен ғылыммен байланысты болуы керек.

Ақиқаттың объективтілікпен қауыштыратын –тәжірбие. Теорияны практикамен тексеру адамдардың практикалық іс-әрекетінің барысында жүзеге асырылады. Тәжірибе тек одан туындайтын білімнің ақиқатын растай алады.  Әрине, тәжірибе ғылымның барлық сұрақтарына түгелдей жауап бере алмауы мүмкін. Бірақ, адамдардың объективті шындықты білуінде практика шешуші рөл атқаратыны сөзсіз.

Данат Жанатаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Фариза Дуйсенбаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз