Өлең, жыр, ақындар

Мен армандаған ҚазҰУ!!!

Белгілі шығыс ғұламасы Әл-Фарабидің атымен аталатын қасиетті қара шаңырақ Қазақ Ұлттық Университеті – қазіргі таңда еліміздегі ең жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі болып табылады. Мен дәл осы университеттің студенті екенімді мақтанышпен айта аламын. Осыдан 5-6 жыл бұрын бұл университет мен үшін тек алыстағы арман болатын. Мектепті бітіріп, алғаш ҚазҰУ-дың табалдырығын аттаған кезім әлі күнге дейін есімде. Шексіз қуаныш, ата-анамның ақталған үміті, арманға жақындаған бір қадам…

Кезінде Қазақ әдебиетінің майталмандары, ұлт зиялылары Зейнолла Қабдолов, Мұхтар Әуезов дәріс өткізген аудиторияларда қазір мен білім алып жатырмын. Мен үшін бұл үлкен мәртебе.

1934 жылы іргесі қаланған ҚазҰУ құрамында қазір 16 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, 2000-нан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары университетте қызмет атқарады. Сонымен қатар, университетте көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша 32000 дай студент білім алуда. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Оған дәлел қазіргі таңда Университетіміздің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде.

2020 жылы World University Rankings QS (Ұлы Британия) беделді рейтингтік агенттігінің зерттеу қорытындылары бойынша ҚазҰУ 165-орыннан көрініп, әлемнің ең үздік университеті қатарына енді. Осылайша, біздің университет Орталық Азия мен ТМД-дағы теңдессіз көшбасшылығын тағы да дәлелдеді. Көлемі 100 гектарға жуық, көркіне көз тоймайтын ҚазҰУ қалашығының мұнда оқитын мен сияқты студенттер үшін орны бөлек деп ойлаймын. ҚазҰУ қалашығының тағы бір ерекшелігі, мұнда - Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері мен әртүрлі студенттік ұйымдар жұмыс істейді.

Жалпы, ҚазҰУ — бұл мүмкіндіктер мекені, студенттерге өте үлкен мүмкіндік береді. Өз басым бұл жерде жүріп 5 жыл, яғни 4 жыл бакалавриат- Автоматтандыру және басқару  мамандығын тәмәмдәп, дәл қазіргі сәтте 1 курс магистранты атанып, өте үлкен тәжірибе жинап келемін. Университет көлемінде жүретін қоғамдық, ғылыми, мәдени шараларға өз үлесімді қосып, жүктелген әр іске жауапкершілікпен қарауға тырысамын. Атап айтқанда, 2017- 2018 жылдары Ақпараттық технологиялар факультетінің «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымының төраға орынбасары қызыметін атқардым, сонымен қатар 2018 – 2020 жылдар аралығында Ақпараттық технологиялар факультетінің Студенттік Деканы қызметін атқардым. Алдағы уақытта осы алған білімім мен үйренген тәжірибем үлкен көмек болатынына күмәнім жоқ. Осы жолда өз тәжірибелерімен бөлісіп жүрген ұстаздарыма және де жетекшілерім Уразгалиева Светлана Аманжоловна  апайыма алғысымды білдіремін.

Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атану – асқақ арман, зор мәртебе. Сондықтан, мен үшін осы оқу орнында білім алу – үлкен мақтаныш. Мәңгілікке жасай бер, өркендей бер, гүлдене бер, ҚазҰУ – ым!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Машиналық оқыту мамандығының

1 курс магистранты: Әбдіхалық Е.Ү.

Жетекшісі: Уразгалиева С. А.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз