Өлең, жыр, ақындар

Мағжан Жұмабаевтың «Толқын» туындысындағы пәлсапалық ойдың адам өмірімен байланысы

​Мағжан Жұмабаевтың абстрактылы, философиялық мәнге ие шығармашылығы адам өміріне еніп, туындымен бірге әбігерге салатыны бар. Мағжанның пәлсапалық ойына, ұшқын атқан терең түсінігіне жазушы Мұхтар Әуезов баға берген: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестесінің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда бұл бір заманның тегінен асқандай. Сезіме жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай».

​Мағжан Жұмабаев бір қоғам өз орнын босатып, жаңа қауымның дәурені жүре бастағанда өмір сүрген. Сол себепті де туындылары адамның сана-сезімін, ойлау қабілетін, күш-жігерін салыстырмалы гипотезамен бейнелейді. Бұндай қадам, әрекет философиялық астардың қоғам үшін маңызын айқындайтындай көрінеді. «Мен жастарға сенемін», «Толқын», «Жел», «Жұмбақ», «Жаралы жан» туындыларында қолданылған мысалдың философиясы адамның бастан кешер жай-күйі, өмір сүруі, ашу, ызасы, жүрек қағысын суреттейді. Ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына сүңгіп кету адамның болмысын, танымын зерттеуге аттанған алыс жол деуге болады.

​Символдарды өз туындысында көркем суреттей білген Мағжан Жұмабаевтың «Толқын» өлеңіндегі пәлсапалық ойдың адам өмірімен байланысын талдап көрелік. Адам – табиғаттың бір бөлігі. Табиғатта орын алатын барлық құбылыс тікелей саналы жаратылыстың өмірімен байланысты. Дүниеге келу, өмір сүру, уақыттың зымырауына ілесе алмаған күйбең тіршілік, жүрек соғысының тоқтауы «Толқын» шығармасында айқын бейнеленеді. Дей тұрғанмен Мағжан Жұмабаевтың пәлсапалық ойы салыстырудағы шеберлігінен көрінеді. Ұшы-қиыры жоқ теңізге қарасаңыз көз алдыңыздағы тулаған толқынға жан бітіре алар ма едіңіз? Терең ойға шомуыңыз әбден мүмкін, дегенмен оны сөйлетіп, мағына беру ақын Мағжанның қолынан келе білді. Мен толқын философиясын төрт негізге бөліп қарастыруды жөн санаймын.

​Біріншісі «толқыннан толқын туады» сипаты өз өміріндегі ұрпақтар алмасуының көрінісі іспетті. Біздің қалау, еркіміз, күш, жігерімізден бөлек тылсым күштің мәні осында жатыр. Ешкімге бағынбайтын заңдылық толқыннан толқын тудырады. Тоқтатып қойып, қалауыңды енгізе алмау әлсіздік емес, қауқарыңнан ары асатын күш иесінің бары болар. Өмірдің мақсаты, өмір сүрудің мәні қарастырылатын өмір философиясы да Мағжан Жұмабаевтың кезінде дүниеге келді. Ақын өмір сүрген жылдары Германия, Францияда пайда болған өмір философиясын Мағжан Жұмабаев зерттеп, өз шығармашылығында құнды байланыс ретінде орната білгендей көрінеді. Толқыннан толқын туады сөзіндегі пәлсапа өмірдің қысқалығы сонша, ол туралы ойланып та үлгермейсің дегенге саяды.

​Екіншісі «бітпейтін бір егеспен, жарысып жарға барысады» пәлсапасы адамдардың бір-біріне деген бітпейтін бәсекелестігі, қайтсем озамын дейтін санасының көрінісі. Қазақстан журналисі Бейсен Құранбектің «соңғы он жылда өзіме ешкімді жамандамау, жазғырмау, айыптамауды ұстаным етіп алдым» деуі Мағжан философиясымен ұштасып тұрғандай. Бұның соңы, ақыры немен тынатынын «Толқын» өлеңінің қорытындысынан аңғарамыз. Абай Құнанбайұлы төртінші қара сөзінде «адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор еткізіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды» дегені бір күннің құны алысып, жарысуға татымайтынын көрсетеді.

​Үшіншісі «сылдыр, сылдыр, сылдырлап, бірінің сырын бірі ұрлап, толқынды толқын қуады» деген сипаттауынан бақыт философиясына үңілуге болады. Роберт Уолдингер есімді психиатр 75 жылдық зерттеудің төртінші басшысы ретінде TED-те ұзақ уақытты қамтыған зерттеу нәтижесімен бөліседі. Бұл зерттеу 724 адамды қамтып, 75 жылдан бері тоқтамай келеді. Зерттеу бойынша адамдарды не нәрсе бақытты ететінін табуды көздейді. Ғасырға жуық зерттеу нәтижесі өте қарапайым болды. Роберт Уолдингердің айтуынша, адамдарды жақындарымен жақсы қарым-қатынас бақытты етеді екен. Осы уақыт ішінде отбасын, достарын, жақындарын өмірінде маңызды адамдар қатарына жатқызғандар бақытты болғаны анықталған. Ауқымды зерттеу қорытындысы Мағжан Жұмабаев шығармашылығындағы философиялық оймен ұштасады. 

​Төртіншісі «өледі толқын, тынады» дегенде адам өмірінің соңғы сәтін, қандай өмір кешсе де ақыр аяғы өлімге әкеп тірелетінін жеткізеді. Алғашқы негізге алған ой секілді бұл философия да тікелей адамның ерік, жігерінен тыс болатын құбылыс. Дей тұрғанмен Мағжан Жұмабаевтың толқынды символ ретінде алып, суреттеуі арқылы адам қалай өмір кешетінін өзі таңдайтынын түйеміз.

«Барлық адамның тағдыры бір жерде түйіседі: құл да өледі, қожайын да өледі» деп Жүсіп Баласағұни айтқанындай, толқын бейнесіндегі барша адамзатқа өлім хақ. Бұл жердегі пәлсапа адамның құл болып өмір сүруі не болмаса қожайын атанып ғұмыр кешуі өзіне байланысты. Адамның қанша жыл өмір сүргені емес, қалай өмір сүргені аса маңызды. Сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармасындағы пәлсапалық ой адам өмірінен алынғаны анық болды. Бұл пәлсапаға сай келетін бүгінгі күннің нақылы: «өмірде әркімнің өз жолы бар, ал оны дара ету - өз қолыңызда».

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистранты Әбдірахман Нұрай Аюбқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз