Өлең, жыр, ақындар

Жамбыл облысында бір үйдің бес баласы өрттен қаза болды

Құйқаңды шымырлатып, көзге еріксіз жас үйіретін жағдай жайлы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

19.02.2021 күні Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында көп қабатты үйдің 3 қабатында өрт шығып, бір үйдің бес баласы қаза тапты. Алдын-ала деректер бойынша отағасы жұмыста болып, анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан 2015, 2016, 2017 және 2019, 2020 жылғы балалар газдан уланып, ауруханаға жеткізілгенімен, араға уақыт салып бүлдіршіндер көз жұмған.

Қазіргі уақытта оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Оқиға орнына жақын жерде болған жергілікті тұрғындар "сары лентамен" қоршалған территорияға мұңдана қарап, бас шайқап өтісіп жатыр.Бір күнде, бір сәтте, біржолата бір емес бес балапанынан айырылған ата-ананың халі тым ауыр екенін болжау қиын емес.

Еске сала кетсек, 04.02.2019 жылы Астана қаласында 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған балалардың қайғылы қазасы қоғамда қызу талқыға түсіп, үлкен резонанс тудырған еді. Нәтижесінде елімізде бірқатар саяси-әлеуметтік өзгерістер болғанын да білеміз.

Бұл жолғы оқиғаның да, басқа ұқсас оқиғалардың да шын мәніндегі себептері әртүрлі болғанымен, айтар бір нәрсе: "сақтансаң сақтайды" деген жаттанды сөз бар ғой қазақта. Барынша сақ әрі мұқият болу көп қауіптің алдын алатыны дәлелді қажет етпейтін факт. 

Мейрбек Баян Мұратбекқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз