Өлең, жыр, ақындар

Қасқыр мен ит

Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы бөртеде, бір шаруа өмір сү­ріпті. Оның күшік күнінен өсірген жалғыз иті бар екен. Шаруа шалғымен шөп шауып, қой бағып күнелтіпті. Ол ертеңгісін ерте тұрып қырға қой бағуға кетердің алдында, үйін, қора-қопсысын күзетуді итіне тапсырады екен. Иті де өз міндетіне ұқыпты қарап, үй маңына ешкімді жолатпапты. Шаруа жұмыстан келгенінде итін еркелетіп, басынан сипап:

Итім, итім, итім-ай,
Түн үресің бір тынбай.
Қожайынға адалсың,
Жақсы көрем ырысымдай,
Қамқорым да өзіңсің,
Үйімдегі көзімсің.
Қожайының демалып,
Бірер уақыт көз ілсін, —

деп, үйіне кіріп демалады екен. Осыны көптен сырттай бақылап жүрген бір көкжал қасқыр итті қожайынға мазақ етпек болып айлаға көшеді. Оның, бір дамылдаған сәтін пайдаланып, қорадағы қозыға түспекке ыңғайланады. Бір күні түнгі күзеттен шаршап, күншуақта бойы жылып, мызғып кеткен иттің мұрнына жағымсыз иіс келеді де, ұйқысынан шошып оянады. Жан ұшырып қораны айналса, күні бұрын қазылған ін арқылы қасқыр:

Жылы-жұмсақ қозылар,
Етің дәмді дертке нәр.
Бір қолыма түсерсің,
Қарнымда жатып пісерсің, —

деп, сілекейін шұбыртып қораға еніп бара жатыр екен.

— Әй, көкжал, тоқта! — дейді жүнін тікірейткен ит.

— Қазір «аттандап» үрсем, қожайыным оянады да, мылтығымен сені атып салады. Саған анау даланың толып жатқан қоян-түлкісі жетпеді ме? Нең бар мұнда?

— Ет тәттілігін қойса, мен жегенімді қоямын, — дейді қасқыр гүр етіп.

— Қазір мен сенің қармағыңа түстім. Не істесең де қолыңдамын. Бірақ мен бір нәрсеге түсінбеймін. Қожайыныңа құйрығыңды бұл­ғаңдатып, оған адал қызмет еткенде, ішіп-жейтінің қалған-құт­қан бірдеңелер. Өзіңді аямайсың ба? Түнімен ұйқы көрмей, шәуілдеп үрумен боласың. Иең ашуланса, бұрышта бүк түсіп, ішің бұратылып аш жатасың. Анау сала құлаш шынжырың мойныңды ауыртады. Сені осыншама бейнетке салатындай адамның қандай құдіреті бар? Мен сияқты берсе — қолынан, бермесе — жолынан деп, жұлып жеп күнелтпейсің бе? Өзің туыссың. Бірге өмір сүрейік.

Ит ойланған кейіп танытады. Қасқырдың көзі оттай жанып, ішінен: «Әп, бәлем, қармағыма түстің бе? Қарным ашқан күні бір-ақ бүктеп, тарамыс-тарамыс етіңді талшық етсем», — деп зымияндана қарайды.

— Ау, Қасеке, мына сауалыңа мен жауап берейін, — дейді ит әңгімені ұзаққа созғысы келіп. — Туыс екеніміз рас. Енемнен туып, көзімді ашпай тұрғанда, осы адам мені есігінің көзіне жатқызыпты. Қашып кетер қауқар қайда? Әттең, сол кезде өзіңе кездессем ғой. Бірге ілесіп жүре беретін едім. Сонан соң көзімді ашып, еңсемді көтерген кезде, темір шынжырлы қарғыбау мойныма ілінді. Қайтіп құтыласың? Қараптан-қарап аштан өлесің бе? Қораны айналып, қой күзеткен болып үрдім келіп. Сонда өзің маңайыма жақындамадың да ғой. Алыстан қарап, менсінбедің мені. Амалсыздан үйдің күзетшісі атандым.

Қасқыр мына сөзге мәз болып қалды. Шоқиып отырған күйі мақтана жөнелді.

— Әй, туысым-ай, ол кезде сені көрдім дейсің бе? Әйтпесе бөл­тіріктеріме ертіп жүріп, аңға салатын едім. Алтайдың қызыл түлкісінің терісін паршалатып, етін жегізер едім. Құм қоянының сужүректігін білмейсің ғой. Түріңді көрсе, көзі бадырайып, алдыңа жата қалар еді. Бойың жазылып, мына мен сияқты елік атаулыны қадам бастырмас едің. Алты қырдың астындағыны сезер ақылды болуың ғажап емес. Жауыңа кекті, жорыққа мойымас едің.

Сол сәт қора ішіндегі қозылардың у-шу үнін естіп, сілекейі шұбырған қасқыр сөзінен жаңылады. Ит асықпайды, оны тағы да әңгімеге тартады.

— Ау, Қасеке, сіздің мінезіңізде мен түсінбейтін ғажап бір қасиет бар, — дейді қасқырды мақтап.

— Ол қандай қасиет? — Қасқыр ырза боп, тісін сақылдатты. — Әй, Итім-ай, туыстықты қадірлейтінің білініп тұр. Менің ішкі сырыма үңілген сияқтысың ғой.

— Қасеке, ол қасиетіңіз өзгенің де, мәселен, біздің де қамы­мызды ойлайтындығыңыз. Қазір ғой, мына қораға кіресіз де, мен сияқты өзіме ғана жетеді деп бір қойды теңдеп әкетпейсіз, түгел жусатасыз да саласыз. Өлексені адам атаулы жемейді. «Арамдалды» деп отар маңынан аулақтау жерге тастайды. Ертелі-кеш тамағыңыз дайын. Осындай ғажап мінезіңізге таңмын, — деп ит бір тоқтады.

— Тауып айттың, Итім, бұл қасиетті үйрену үшін талай ақыл керек. Бабаларымыз: «Ақылмен жесең — асап жейсің, ақылсыз жесең — аз-ақ жейсің» деп айтып кетіпті ғой, — дейді қасқыр.

 — Осы, Қасеке, аң атаулы ақыл жағынан сізге тең келмейді. Түйе үлкен болғанымен, оның түймедей ойы жоқ. Сіз оның шөгіп жатқан сәтін аңдып, өркешінен бір аттап кетсеңіз, орнынан тұра алмай қалады. Шамасы, жүрегі жарылып кететін болар. Жылқы атаулыны атама, ақымақ мал ғой. Құйрығынан жабыссаңыз, біткені, шірене тартып, жібере салғаныңызда, өзінен-өзі ома­қаса құлайды. Арыстан мен жолбарыс күптілігіне, сілеусін шап­шаңдығына сенеді. Түлкі тышқан аулағанға мәз. Шибөрі ініңіз қойдың майлы құйрығын сорғанын мақтан етеді.

— Әрине, әрине! — деп қостады қасқыр мәз болып.

— Қасеке, осы сіз қойшыдан қорықпайсыз ба? — деді ит сыр тартып.

— Әй, бауырым-ай, біздің туыстардың «Өгізді қойшы — өлген қойшы, жеп болғанда көрген қойшы. Түйелі қойшы — тұрған қойшы. Жаяу қойшы — көңілі қаяу қойшы», — деп айтқандарын естімеп пе едің? Жалғыз-жарым айдалада кездессінші, екі-үшеуіміз жан-жағынан қарды боратып берейік. Сабазың есі шы­ғып, қойды тастай қашады.

— Адамнан да қорықпайтын жүрек жұтқан ағайынсың ғой. Бізге ондай батырлық қайда? Рас, басқа түссе, қоянын аулап, түлкісін қырармыз. Сіз сияқты ін де қазармыз-ау, бірақ ол бізге ақпанның ақырған аязында пана болмайды ғой. Қарғыс атқыр аңшы атаулы жүйрік атқа мініп, шошақ мылтығын асынып, ойда жоқта кездесе қалса, саудамыздың біткені. Менен сорлы жоқ шығар бұл дүниеде, — деді де, ит ұлып жата кетті. Мұнысы — иесіне берген белгісі еді.

— Айтпақшы, Қасеке, ұлу демекші, осы сіздер туыстарыңызды қалай ғана іздеп таба қоясыздар, — деді ит кенет басын көтеріп.

— Ұлудың да неше түрі бар-ау. Әлдеқалай олжа кездесіп, жалғыз шамаң, келмесе, ұлымағанда қайтесің. Қазір «У-у-у» дейінші, туыс атаулы жан-жақтан сабылып жетеді. Бірақ оңай олжаға оларды ортақ қылып нем бар, — дейді қасқыр бөсіп.

— Онда мен сенен қалмаймын, — дейді ит. — Туып-өскен жеріңді қимайды екенсің. Қоштасып кетейін. Көзімді ашып, күнде майлы жуынды ішкен жерім қош, у-у! Қарғы бау тағынып, шынжыр сүйретіп күзеткен қорам, қош, у-у! Тамақ бермей, таяқпен басыма ұрған қожайыным қош, у-у!

Қасқыр мәз болып, ішек-сілесі қатқанша күледі. Итінің ауық-ауық ұлығанынан оянып кеткен қожайын қолына мылты­ғын алып, қораны айналады. Ұлып отырған итінің жанындағы қас­қырды атып алады. Ақылды ит қасқырды осылай қолға түсіріпті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз