Өлең, жыр, ақындар

Шағала мен тасбақа

  • 22.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1690
Бетінде айдын көлдің асыр салып,
Жүруші ед бір шағала аулап балық.
Қайраты — қолтықтағы қос қанаты,
Сермесе, желдей зулап, судай ағып.
Көріп бір көкте жүріп, тасбақаны,
Жанына жақынырақ қонды барып.
Тасбақа шағалаға деді сонда:
— Мүсәпір, мен бір жүрген едім ғаріп.
Құмар ем сенімен бір сөйлеспекке,
Сыртыңнан сипатыңа мейірім қанып.
Айтайын бір әңгіме, құрбым, саған,
Құп десең, қиғаш тартпай, тілімді алып.
Сыйласып, бұдан былай кеуіл қосып,
Қол алып, құшақтасып, дос болалық.
Ойлама қауіп етерлік қандай сөзден,
Ақиқат адал сырым, айтқан анық.
Шағала: — бұл айтқаның,– деді,– мақұл,
Дос болсаң адасқанда, айтар ақыл.
Кетейін дос болудан қашып сізден,
"Шалқайма — еңкейгенге" деген нақыл
Дұшпанға душар келсек қай кезде де
Қалмайық қамдестікпен деді ғапыл.
Шат болып шағаланың қолын алды,
Тарбаңдап, бақа байғұс, апыл-тапыл.
– Сөзіңнен жоқ ешқандай мінің деді,
Ақиқат азаматтық — мұның деді.
Тамақтат мейман болып, біздікінен,
Мінекей, мынау менің інім деді.
Қам қылма мен тұрғанда ешбір жаннан,
Дұшпанның тигізбеймін бірін деді.
Қиянат жасаушылар болса егер,
Айт маған өшіремін үнін, – деді.
Шаттанды шағала да онан сайын,
"Сәл жерде табылды, – деп, – менің жайым".
Формына қарап тұрып, деді ішінен:
"Ерлікке ер ебдейлі біткен қайым".
Бірлесіп бақаменен бірнеше күн,
Достықтың тамылжытты әбден майын.
Кеткенмен күндіз бөлек тамақ аулап
Бақамен бірге түнеп жүрді дәйім.
Бір күні бақа тұрып деді: – Достым,
Дос болып меніменен көңіл қостың.
Болғанмен түнде бірге, күндіз бөлек,
Аспанда асыр салып, желдей естің.
Бірге бол, күндіз, түні, кетпе бөлек,
Келсе егер шыныменен көңіл қосқың.
– Дос болдық, – деді, – бақа көңіл жанап.
Күндіз мен кетуші едім іздеп тамақ.
Қасында отырамын өлсем де аштан,
Олайша сен ренжіп, шытсаң қабақ.
Ойымша, ұшпай жүру жараспайды,
Қойған соң Құдай беріп:
"Үш!", — деп қанат.
Достықтың лайқатын өзің айтшы,
Әгар да ұшпауымды етсең талап.
Бақа айтты: — Қанатынды таста, – деді,
Қалам деп, тамақ таппай, саспа деді.
Күн көріп жүр ғой өлмей, қанатсыз-ақ
Алашы аюанаттар басқа деді.
Достықтың лайқаты — бірге жүрмек,
Бұл саған сөзім емес қаста деді.
Өзімде сыр бермейтін кейбір надан,
Бой ұрып, қол созбаймын насқа деді.
Шағала дос тілегін қабылдады,
Кеулінен келіспестік табылмады.
Пәлен деп дос сөзіне дәлел айтып,
Араға сөз алысып, сабылмады.
Жұлдырды қиналса да, қауырсынын,
Тәртібін татулықтың жаңылмады.
Айрылып қанатынан қапелімде
Қалғандай ылай сазда сабырлады.
Солайша жерде жүрді өмір сүріп,
Жемеген жерден бұрын шөбін жұлып.
Нашақ қып көрген құстар әжуалап,
"Ақылсыз, ақымақ" деп, кетті күліп.
Кез келіп бір қарақұс қапылыста,
Байғұсты шырқыратып, кетті бүріп.
Өзінше өмір сүріп жүрген жанға
Тасбақа дос болам деп, салды бүлік.
Қара құс етін жеді қанын шашып,
Қашаннан сондай іске болған машық.
Бақаның болысарлық дәрмені жоқ,
Досына тұрса-дағы жаны ашып.
Айбат қып арашалап алмақ түгіл
Тарбаңдап, бас сауғалап, кетті қашып.
Әмпай боп ақылсызбен, шағаланың
Аңламай еткен ісі қатты адасып.
Бұл қастық еткені емес тасбақаның
Демеді ол өзін ғаріп тасбақамын.
Бәрің де тап осындай боласыңдар,
Бірімен душар болсаң пәс баһаның.
Кең ойлы кездессеңдер ақылы қамға
Қаласың аласұрып, атпас таңға.
Әркімнің айтқандарын жөндеп тұтсаң,
Болады жаңа тоның жалба-жұлба.
Көмпиіп кейбіреулер кеуде керер,
Сасқанда болмаса да жанға далға.
Кеңесін кем ойлының тыңдай берсең,
Арқансыз мінгізеді ыққан салға.
Аға-іні, аңлағанға, бұл бір кеңес,
Кең ойлы өз білгенім жетер демес.
"Алмаңдар жанның тілін жалғыз отыр,
— Деген бұл, — дос болмаңдар" сөзім емес.
Тау деме төмпешікті көлемі кем,
Сағыммен болжай алмай елес-елес.
Абайлар ақылдылар өз парасын
Бой жазып жерге шығып дөңес-дөңес.
Өзгемен өз шамасын өлшестірген,
Қашанда қамдестікпен қайғы жемес.
Өткіздім алдарыңнан белес-белес,
Насихат нәп алғанға нәр бергендей
Болғанмен көлемі кем, көзге көмес.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қолдауға

  • 0
  • 0

Отырмыз ұшырасып інім Қолдау,
Баласың байқауымда зейілің молдау.
Жаның сау, жағаң бүтін болып тұрса,
Қолыңнан келер көптің ісін оңдау.

Толық

Қайырылы Жұмаш Тұрсынға

  • 0
  • 0

Қайрылла, Үмбет пенен Жұмаш, Тұрсын,
Ойға өрен, ойлауымда, көзге нұрсың.
Біз көрген үй-іш түгел, отбасы аман,
Жақсы ма жағдайларың, неғып жүрсің?

Толық

Болғанмен білімсізге бақыт серік

  • 0
  • 0

Болғанмен білімсізге бақыт серік,
Жүрмейді жүз айтқанмен, дәулет еріп.
Ұрынып өз-өзінен от пен суға,
Жоқ қылар жошағыдай жинап, теріп.

Толық

Қарап көріңіз