Өлең, жыр, ақындар

Адам

  • 29.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1505
I
Бала едім мен ол күндері
Қарным ашса жылайтұғын,
Жылап тамақ сұрайтұғын
Әйтсе де мен ұмытпаппын,
Көп қызығын сол бір шақтың
Көкірегіме сақтап қаппын.
Ұмытпаппын поездарды
Ертелі-кеш лек-лек аққан,
Жүк орнына солдат тартқан,
Мылтықтары, беттері шаң,
Көздерінен от лаулаған,
Бөріктеріне жұлдыз таққан.
Сәл кідірсе эшелондар:
Гармоньдардан төгіліп күй,
Перрондарда дуылдап би.
Маузері бар кейбір адам
Қағып біздің арқамыздан
Кететұғын қалдырып нан.
− Кімдер олар?
− Жақсы адамдар, -
Дейміз қарап эшелонға,
Заулап жатқан оңға - солға,
Үйде отырған кәрілер де,
Таяқтарын тіреп жерге,
Көз тігетін ұзақ жолға.
Әртүрлі сөз, кейде талас:
− Жазаланды, өлді патша,
Билемейді енді патша!
− Ей, патшаға етпе күмән!
− Айтса қайтеді?
Қой, антұрған,
Ағызайын ба аузыңнан қан?!
Ұмытпаймын балықшыны,
Тұрушы еді бізбен бірге.
Қайырымды еді көршілерге.
Болушы еді аздап ақын,
Жайлап қана ән салатын
Домбыраға қосып бірге.
Ертіп мені балықшы қарт,
Желқайыққа отырғызып,
Көрсетем деп саған қызық,
Қос ескегін бірдей тартып,
Көл бетінде құстай қалқып,
Жөнелетін суды сызығы.
Көбейтпелік бөгде сөзді,
Оралалық біз кеңеске,
Айта бермей түскенді еске;
Мезгіл еді жазғытұрым –
Әйелі әлгі балықшының,
Ұл туыпты бір күн кешке.
Баласыз еді балықшы ата,
Орындалды ойдағы арман;
Жылап та алды қуанғаннан
Көнерген бет нарттай жанды,
Кәрі көзден от тұтанды,
Кетті жайнап жасарғаннан.
Қуанышы балықшының
Қуандырды бізді бірге,
Айналды үйі бір дүбірге.
Сарқылмады қызған думан,
Үзілмеді айтылған ән
Үш күн қатар ұзақ түнде.
− Ат қоямыз нәрестеге
Ал, тыңдаңдар, молда сөзін.
− Жоқ, қоямын атын өзім, -
Деп балықшы тілек қылды,
Сапырылған сөз судай тынды.
Қадады жұрт қартқа көзін,
− Ей, ағайын! - деді қартым:
Сөз тыңдаңдар енді менен,
Ат ардақты Адам деген.
Аңыз болған баяғыдан.
Атын балам қойдым Адам,
Бездім ескі шежіреден.
Ұсамасын ескі адамға,
Ұшырамасын қайғы, дертке,
Құл болмасын еш құдіретке.
Өссін балам емін-еркін,
Жандандырсын жердің көркін,
Қоссын қуат әділетке.
− Жақсы лебіз!
− Қабыл болсын! –
Деген сөздер ду-ду етті,
Кернеп үйді сыймай кетті.
Қарт ұстаған домбырадан
Қапелімде туып бір ән.
Елжіретті ет жүректі.
«Адам», - деді, - шырқалған ән,
«Адам», - деді, - тау жаңғырды,
«Адам», - деді, - көл жаңғырды.
Жел де сергіп желпіп қалды,
Тынған орман толқып қалды,
Нөсерлете бұлт жаңбырды...
Жас та болсам сол күндерден
Көп қызықты ұмытпаппын,
Есімде әбден сақтап қаппын:
Адамды мен баласынбай,
Сүйдім туған ағасындай,
Бесігіне қоңырау тақтым.
Тербетуші ем жел бесігін,
Сылдырлатып қоңырауын,
Иіскеуші едім омырауын...
Соған отыз жылдап асты,
Шашымызға ақ жармасты,
Менің де жоқ оған дауым.

II
Өсті бала өрімдей боп,
Солқылдаған жас шыбықтай:
Көрмей қатер, қайғы жұтпай,
Ақ маңдайы атқан таңдай,
Екі көзі жанған шамдай,
Тұлғасы бар тұрған ықпай.
Танысты Адам тәтті өмірмен, -
Терді гүлін кең даланың.
Қойшылардың үйренді әнін.
Қызғалдақпен жайнап бірге,
Құрбылармен ойнап бірге,
Болды еркесі ата-ананың.
Онға толды біздің Адам,
Аяқ басты енді он бірге.
Марка тартты күннен-күнге.
Ел сол жылы колхозданды:
Біріктірді, қосты малды,
Жерге жаңа қаланды ірге.
Желпілдетті шаттық желі
Жыртық үйдің түндіктерін,
Жарқыратып күңгірт жерін.
Көтеріліп көзден перде,
Күш тасқындап кеуделерден,
Керіліп жұрт алды демін.
Көк сауытты тракторлар
Күркіретті cap даланы,
Сілкіндірді айналаны.
Жолдарынан өткен зулап,
Бақ пен ырыс есті қаулап,
Жердің жаңа жүрді қаны.
Балықшы ата тұрды орнынан,
Тартып мығым буды белін.
Түрді етегін, түрді жеңін,
Халайыққа қоршап тұрған
Аз ғана сыр айтты тыңнан,
Ақтарылды сөзден сенім.
− Ауламаймын көлден шабақ.
Жасаушымын жер ұжмағын.
Жұрт аңсаған «иран бағын»
Балбыратып гүл, жемісін,
Бақша егемін ұрпақ үшін –
Осы менің ұйғарғаным.
Қабылданды қарт тілегі,
Бағбан тыңға ұрды кетпен.
Ұрды кетпен кереметпен.
Алқынбады жүрегі оның,
Бақшаға су ашты жолын
Ақ көбігі дір-дір еткен.
Септі гүлдің ұрықтарын
Екті тізіп алма ағашын.
Нәрестедей өңшең жасын,
Қанаттыға қақтырмады,
Тұмсықтыға шоқтырмады,
Күтті ұйықтамай, ішпей асын.
Өсті бақша жас өмірдей,
Жайды жаңа жапырақтарын.
Жадыратты еккен шалын...
Кәрі байғыз қош айтысты,
Түп жамылып ұзаққа ұшты
Естімеске бұлбұл әнін.
Бақшада жүр бақытты Адам
Құрдастардан жұбын жазбай,
Көңілі көркем, жылы жаздай
Таңдап тағып сүйген гүлін,
Алманың да ең қызылын,
Ең шырынын жейді таңдай.
Солқылдата соғады олар
Әнге қосып барабанды,
Сүйсіндіре қарағанды.
Өрттей қызыл галстуктер
Бақшаны кеп үрлесе жел
Жапырақтармен бір шайқалды.
Бір күн өлең, бір күн ертек,
Бір күн жұмбақ, бір күн тақпақ.
Оқып бәрін алған жаттап,
Айтысады кезек-кезек,
Қалыспайды өңшең өжет,
Кең қызыққа кенелді қарт...
Кей сағатта шу басылып,
Жым-жырт тына қалса бірден,
Босағандай бақша мүлдем
Көресің сен сонда олардың,
Қиын есеп шығарғанын
Физика, я алгебрадан.
Кейде аталып Дарвин аты,
Кейде Ньютон сөз болады,
Көп әңгіме қозғалады.
«Кім, - деп, - бұлар мен білмеген?
Я құлағым естімеген,
Бағбан ата таң қалады
Келмесе де тілі жеңіл
Жастар айтқан Мичуринге...
Ұсатқандай әлде кімге
Ол да егіпті алма бағын,
Әлпештепті гүл шашағын,
Таратыпты күллі әлемге...
Қиял торлап қалды қария
− Қашан көрдім, қайда көрдім?..
Адамы ғой біздің елдің...
Сырласпап па ек бұрын талай,
Ұмытқанмын атын қалай?
Даңқы шыққан бұл шебердің?
Адамына тіл қатты ата:
− Хат жаз, балам.
− Кімге арнайын?
− Айттыңдар ғой жаңа жайын.
− Мичуринге?
− Иә, соған жаз.
Асықпай жаз, толсын қағаз,
Жақсылап жаз, айналайын.
Толқып Адам қалды сонда,
Дей жаздады: «Өлген биыл».
Айту бірақ болды қиын.
Достары да тез аңғарды,
Шындықты әрең ашпай қалды
Қайтармасқа қарт пейілін.
Жазылды хат Мичуринге:
«Білеме екен сізді көптен,
Тек босамай тіршіліктен,
Жолықпаппын жол алыс боп,
Достаспаппын ел қашық боп,
Байқамаппын күндерді өткен.
«Қазір күйім тіпті жақсы:
Қосты басын, қуанды елім.
Колхозымның аты «Ленин»
Мен де сонда бақшашымын,
Құрметі артты ақ шашымның
Алтынға тең аққан терім.
«Көкіректе бір арман бар-ды
Айтылмайтын кез келгенге.
Сізге ұғымды өзгеден де.
Ауырғанда Ұлы Ленин
Қиналып ем таппай емін,
Қатын басым сергелдеңде.
− Әлі ойымда сол арманым,
Көңілім күпті, кілті жұмбақ,
Табылмағы тіпті қымбат.
Қорған болып өмірге біз,
Жеңсек екен өлімді біз,
Көрсем соны көңілім тынбақ.
«Сенен сізге, сіз табасыз
Өсіріңізші сондай алма.
Шипа болар ауру жанға
Беттеріне түспей бір дақ,
Жасап ұзақ, өрбіп ұрпақ
Болсын серік кең жалғанға».
«Сескенбеңіз, шек келтіріп
Әлдекім деп жаны тәтті.
Мен де шалмын сіз сияқты.
Өкінбеймін өлсем өзім.
Шүкір, шүкір, көрді көзім
Көп күттірген таңым атты»,
«Сенем сізге, сіз табасыз,
Іздегенсіз менен бұрын.
Көп білесіз жердің сырын.
Өсіріңізші сондай алма –
Ем боларлық қиналғанға,
Аңсағандар алсын тыным».
«Көз жіберші айналаға:
Көктің мөлдір айнасына,
Жердің жарық бейнесіне.
Ертең қызық бүгіннен де,
Жарамайды ерте өлуге,
Мүмкін емес сүймесіме...»
Жазып болды, бітірді Адам,
Конверттің де аузын жапты.
Сәл бөгеліп, ойлап қапты.
«Мичуриннің шәкіртіне»,
Деп жазды да адресіне,
Қалтасына салды хатты.
Салыпсың ғой почтаға өзің?
− Салам, - деді баласы оған.
− Қайтар ма екен жауап маған?
− Қайтады, әке, қам жемеңіз,
Өзіңіз де көп іздеңіз,
Табады оны шаршамаған.
Құмарлана қарады қарт
Жас емендей ұланына,
Жанған жарық шырағына.
Ұқсатты ол жаңа Адамды
Отты қанат, ұшар мәңгі
Аңыздың бір қыранына.

1947



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Теңізбен бетпе-бет

  • 0
  • 0

− Теңіз деген осы ма - деп қараймын,
Шарқ ұрғызған шабыттарын талайдың,
Міндім десем кереметтей кемеге,
Шыққандаймын елдегі бір төбеге.

Толық

Ашықтар

  • 0
  • 0

Барады жосып қосын жол қуалап,
Барады жөңкіп қаңбақ жел қуалап.
Қанша рет жер ағарды, жер көгерді,
Қанша рет жыл ауырлап жеңілденді?

Толық

Нан

  • 0
  • 1

Нан!
Нансыз жасар қандай жан?!
Тұрмын қарап көз алмай
Толқынданған бидайдан.

Толық

Қарап көріңіз